Демиелинизация аурулары бар пациенттерді диагностикалау және емдеудің жаңа парадигмалары
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасы университеттің 95 жылдығына арналған практикалық денсаулық сақтау мамандарына бағытталған оқу іс-шаралар сериясын жалғастыруда.
21 қараша күні Талдықорған қаласында ҚР ДСМ-нің 2025–2027 жылдарға арналған (23.01.2025 ж. №03324) ересектерге медициналық неврологиялық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында, практикалық денсаулық сақтау мамандарын каскадтық оқыту әдісі бойынша білім беру дөңгелек үстелі өткізілді. Іс-шара ҚР «Неврологтар қауымдастығы» ҚБ мен Жетісу облысының Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның ұйымдастырушы – Жетісу облысы ДСБ-ның штаттан тыс бас неврологы Жақыпбаева И.Т.
Дөңгелек үстел жүйке жүйесінің орфандық аурулары, оның ішінде оптиконейромиелит спектрі ауруларын (ОНМСА) диагностикалау, жүргізу және емдеудің өзекті мәселелеріне арналды. Іс-шара неврология, офтальмология және сәулелік диагностика саласының мамандарын біріктірді.
Кездесудің негізгі мақсаты – оптиконейромиелит спектрі ауруларын ерте анықтау мен тиімді емдеудің заманауи тәсілдерін талқылау болды. Бұл ауру – сирек кездесетін, бірақ ауыр ағымды аутоиммунды патология, оны дер кезінде тануды және мультидисциплинарлық тәсілді қажет етеді.
Дөңгелек үстел жұмысына:
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының ассистент-профессоры, PhD Альмаханова Қ.К. және Жетісу облысының штаттан тыс бас неврологы Жақыпбаева И.Т. қатысып, демиелинизация аурулары бар пациенттерді диагностикалау және емдеудің жаңа парадигмалары, оның ішінде оптиконейромиелит спектрі аурулары жөнінде баяндамалар жасады. Сондай-ақ уақытылы диагноз қою мен мамандар арасындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығы атап өтілді.
Қатысушылар алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлерін оқыту бойынша өңірлік бағдарламаларды кеңейту, арнайы диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және демиелинизация ауруларына күдігі бар пациенттерді бағыттау жүйесін қалыптастыру қажеттілігін атап өтті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша өңірлік медициналық ұйымдар арасында ынтымақтастықты арттыруға және жүйке жүйесінің органикалық аурулары мен оптиконейромиелит спектрі бұзылыстары бар пациенттерге көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуға ортақ дайындық білдірілді.






