«Денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік тілге көшу мәселелері» атты дөңгелек үстел
Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын денсаулық сақтау жүйесінде іске асыру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік тілге көшу мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шараны ұйымдастырушылар дипломнан кейінгі білім беру факультеті, түлектердің мансап орталығы, Резиденттер кеңесінің мүшелері. Сонымен қатар дөңгелек үстелдің негізігі баяндамашысы ретінде Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Марқабайұлы Байдуәлиев, ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссиясының және ҚазҰМУ-дің терминологиялық комитетінің мүшелері қатысты. Кешті жүргізуші (модератор), факультет деканы А.Н.Баймаханов ҚР тіл туралы Заңға мен Қаулыларға, тіл саясатын іске асыруға арналған мемлекеттік бағдарламаны денсаулық сақтау жүйесінде іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына тоқтала отырып, мемлекеттік тілді медицина жүйесінде қолдануды кеңейту, және оны білім алушылар арасында насихаттаудың маңыздылығын айтып кетті. Кешті Корпоративтік даму жөніндегі проректор У.М.Датхаев ашып, денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік тілге көшуінің өзектілігі туралы айта келе, бұл бағытта Университетімізде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Сонымен қатар бұл бағытта алдымызда талай жұмыстар тұрғанын, бүгінгі кешке қатысушы резиденттер – медицина саласының болашақ мамандары, сіздер де ат салысуларыңыз керек деп сөзін қорытындылады.
«Еліміздің егеменді ел болғана биыл отыз жыл толып отыр, осы уақытта медицина саласын мемлекеттік тілге көшіруде көптеген елеулі жетістіктерге жетіп отырмыз» деп бастады сөзін негізгі баяндамашы А.М. Байдуәлиев, «…бірақ алдымызда әлі талай жұмыстар атқаруға тура келеді, міне осы бағыта алдымызға қойылған нақты бағыт-бағдарлар бар, соның бірі – тіл саясатын іске асыруға арналған мемлекеттік бағдарламаны денсаулық сақтау жүйесінде іске асыру, бірақ, медицина жүйесіне мемлекеттік тілді енгізу өте күрделі, қиыншылығы көп жұмыс және ол тез арада іске асатын шаруа емес. Сол себептен бұл істі бір жүйеге келтіруге уақыт қажет. Ең бастысы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту керек, қазақ тілі жалпы халық арасында кеңінен қолданылған жағдайда ғана, біз медицина жүйесіне мемлекеттік тілді енгізе аламыз. Мен бірнеше облыстарда денсаулық сақтау басқармасын, емдік мекемелерді басқардым, сондағы білгенім, мемлекеттік тілді меңгерген жергілікті халықтың саны көп болған аймақтарда, тілді медицина және басқа салаларда енгізу, ресми құжаттарды жүргізу жеңіл. Ал, сол мемлекеттік тілді аз меңгерген, немесе мүлдем білмейтін басқа ұлт өкілдері көп тұратын аймақтарды бұл мәселе қиындықтар туғызады. Бұл мәселе мен қызмет ететін Атырау облысында оң шешімін тауып отыр, себебі бұл өңірде мемлекеттік тілді игерген, білетін тұрғындардың саны басым. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оқып үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын тудыруға жағдай жасау, бүгінгі күннің мәселесі. Әр қазақстандық алдына мақсат қойып, мемлекеттік тіл үйренуге бет бұрса, алынбайтын қамал жоқ. Мен орыс тілді ортада туып өстім, мектепті орысша бітірдім, сыныптағы отыз баланың бесеуі ғана қазақ балалары, қалған жиырма бесі орыс, неміс ұлтының балалары еді, қызметке орналасқаннан кейін алдыма қазақ тілін үйренемін деген мақсат қойдым, сол мақсатыма жетіп, ана тілімді меңгеріп алдым. Бұл басқа тілді үйренбеңдер деген сөз емес, дана халқымыз «Қанша ұлттың тілін білсең, сонша түрлі мәдениетпен сусындайсың» деп тегін айтпаған». Сөз соңында А.М. Байдуәлиев білім алушыларды Атырау облысына келіп, дәрігер болып жұмыс жасаймын деген тілек білдірушілер болса, әрқашан есік ашық екенін де айта кетті.
Гистология кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к., ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссия мүшесі М.Ж. Ерғазина «Болашақ дәрігерлерді дайындаудағы мемлекеттік тіл мәселесі» атты баяндамасымен кешке қатысушыларға, резиденттерге көптеген ой салатын мәселелердің басын ашты. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан бері еліміздегі медициналық жоғары және орта кәсіби білім беру оқу орындарында көптеген сөздіктер мен терминология жинақтарын шығарылғанын, олар әр түрлі болғанын, содықтан ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссия құрылып, термин мәселесі бірізділікке түскенін, бірақ бұл мәселені толық шештік деп әлі де айта алмаймыз деді. Соның дәлелі ретінде бірнеше мысалдар келтіріп өтті.
ҚазҰМУ-дің тілдер кафедрасы доценті, ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссия мүшесі Т.Қ.Зайсанбаев «Халықаралық медициналық терминдерді қазақ тіліне бейімдеу жолдары» атты баяндамасында ғылыми терминдерді қазақ тіліне бейімдеу мәселелеріне қатысты болды. Қазақ тілінің дыбысталу заңдылықтарын сақтай отырып, термин жасау мәселелері көпшіліктің қолдауын тапты.
ҚазҰМУ-дің урология кафедрасының доценті, м.ғ.к., жоғарғы санаттағы дәрігер А.Ж. Суранчиев «Болашақ дәрігерлерді дайындаудағы мемлекеттік тілдің маңыздылығы» туралы баяндамасын да кешке қатысушылар жылы қабылдады.
Дипломнан кейінгі білім беру факультетінің 2 курс резиденті А.Ермекбай «Денсаулық сақтау жүйесінің мемлекеттік тілге көшуі туралы білім алушылардың қөзқарасы» атты баяндамасында дөңгелек үстелге қатысушыларды бір серпілтіп тасады, себебі Айбек білім алушылар арсында сауалнама жүргізген екен, сол сауалнаманың нәтижесін талдап, білім алушылардың көзқарастарын көпшіліке таныстырды. Кеш әрі қарай баяндамашыларға сұрақ қою және баяндамаларды талдаумен жалғасты.
«Бүгінгі дөңгелек үстелдің құрметті қонақтары, білім алушылар! Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді. «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. Біздің болашағымызды және тәуелсіздігімізді нығайтатын басты қару – бұл біздің тіліміз. Біздің тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғанына күнен бастап, тілге қатысты талай жұмыстар атқарылды. Бірақ алдымызда әлі де көптеген істер күтіп тұр. Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты білім алушыларымызды, жалпы қоғамдағы әрбір азаматты мемелекеттік тілді қолдау және меңгеруге үгіттеу болатын» – деп А.Н.Баймаханов кешті қорытындылады.