Бибігүл Иманғалиқызы Әбдіқалықова, м.ғ.к., ҚР ДСМ Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының ультрадыбыстық дәрігері, жоғары санаттағы акушер-гинеколог, С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ-нің доценті.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 05 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына жолдауында Қазақстанның халықаралық беделінің артуы және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюі атап көрсетілген. Елімізде халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Республикамызда берік экономикалық негіз қалыптасты. Президентіміздің 2014 жылы еліміздің инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту, сол арқылы стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұлардың жүзеге асырылуы мемлекетіміздің табысты дамуымыздың негізгі себебіне айналды.
Қазіргі заманда жаһандағы жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру мамандардың сапасына қатысты талаптарды күрделендіруде. Сондықтан осындай жағдайда мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі, елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр. Оның ішінде халықтың өмір сүру деңгейінің артуы, яғни білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүруді қамтамасыз ету. Бұл бағытта жолдауда 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігі көрсетілген. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатынын ескере отырып, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігі атап айтылған. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ электронды денсаулық паспорттар еліміздің қай өңірінде болса да ешқандай медициналық құжаты қолында болмаса да, жеке куәлігінің мәліметтері арқылы барлық ақпаратты керек кезінде компьютерден шығарып алып, медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Науқас жайлы ақпаратты, телемедицина арқылы кеңес алу мүмкіндігін жылдамдату жоғарылайды. Қазіргі кезде ақылы медициналық қызмет көрсететін мекемелер де медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуде. Елімізде ынтымақ болып, бәріміз осы жолдауларды жүзеге асыруға жұмыла кіріссек, біз халқымыздың сенімін ақтап, қашан да заман сынына іс-қимылмен төтеп бере аламыз.
Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының емханасында жыл сайын 33 мыңдай науқастар қаралады. Инструменталдық диагностика бөлімінің негізгі бағыты ультрадыбыстық, допплерометрия, кардиотокография, амниоцентез, плацентоцентез, хорион биопсиясын жасау арқылы іштегі нәрестенің ауруын уақытылы анықтап көмек көрсету болып табылады. Жылына жеті мыңдай осындай тексерулер жүргізіледі. Мұның өзі заманауи медициналық аппараттардың қажеттігін дәлелдей түседі.
Жылдан жылға босанушылардың саны көбеюде. Олардың көпшілігі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көлеміндегі аурулардың ауыр түрлері. Жыл сайын босануға келетін ауыр экстрагениталдық аурулары мен жүктіліктің ауыр асқынулары бар жүкті әйелдердің саны артуда. Олардың өздері де, туылған балалары да реанимация және интенсивтик емдеу бөлімінде жатып емделуді, тәуліктік бақылауды қажет етеді.
Қазіргі таңда жас келіншектер арасында түрлі аурулар кездеседі. Гинекологиялық жағынан қабыну, жатырдың миомасы, аналық бездің ісіктері, эндометриоз, оның салдары ретінде бедеулік, түсік тастау сияқты аурулар кең тараған.
Бедеулік дертімен келгендерді жеке, себебіне байланысты емдейміз. Негізінен бәрінің гормондарын тексереріледі. Қалқанша без, бүйрек безі, аналық безі, бастағы гипофиз безін мұқият тексеріп барып, гормоналдық ем қолданылады. Ал егер әйелдің бедеулігі түтікшедегі ақаудан не болмаса жабысқақтан болса, онда хирургиялық ем жасалады. Бұл міндетті түрде кесу емес, әйел тәнінде 3-ақ тесік жасап, экранға қарап отырып, түтікшесін тазалап, ашып, жабысқақ процестің бәрі кесіліп, алып тасталынады. Ұрық түтікшеде ұрықталатындықтан да оның ашықтығы қамтамасыз етіледі. Егерде бедеуліктің себебі, миома болса, оны да лапароскопия арқылы сылып тастап, жатырды қалдырады. Аналық бездегі ісік бедеулікке себеп болса, оны да осы әдіспен алып тастайды. Жатырдан тыс ұрықтандыру бөлімі біздің орталықта 1998 жылы ашылды, яғни ер адам мен әйел адамның жыныс жасушасын алып, пробиркада қолдан ұрықтандырып, дайын ұрықты әйел адамның жатырына салып береді. Денсаулық сақтау министрлігі жатырдан тыс ұрықтандыруға ақысыз емделуге жыл сайын 100 бағдарламадан 350 бағдарламаға дейін беріп отыр. Мәселен, бір бағдарламаның өзі 800 мың теңге тұрады. Яғни бір ұрықтандыруды дайындап, жүзеге асыруды бағдарлама дейді. Ал оның бәрі қыруар қаржы. Бұрын мұндай мүмкіндік жоқ еді, отбасы өз қалтасынан төлейтін.
Орталықтағы акушерлік-гинекологиялық ғылымның негізгі бағыттары перинаталдық медицина мәселесін зерттеуге арналған. Ғылыми зерттеулер жоғары топтағы жүкті әйелдерде акушерлік және перинаталдық асқынуларды болжауға, оларды емдеудің, алдын алудың заманауи технологияларын жетілдіруге, репродуктивтік денсаулықты қорғауға бағытталған.
Орталықта дәрігерлердің білімін жетілдіру және резиденттерді дайындау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ орталық еліміздің барлық аймақтарымен әрдайым байланыста, жергілікті медициналық мекемелерге тәжірибелік, ұйымдастыру, әдістемелік, кеңес беру сияқты көмек көрсетіп отырады.
Президентіміздің жолдауын, министрліктің бұйрықтарын бәріміз өз орнымызда уақытылы, сапалы орындап отырсақ денсаулық сақтау жүйесі үлкен жетістерге жетеді деп сенемін.