Дипломмен ауылға!
Садирова Сапарай Калмырзақызы – ҚазҰМУ-дың 2016 жылғы түлегі. Сапарай «Акушерлік және гинекология» мамандығы бойынша интернатураны тамамдаған, сондай-ақ жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан өткен: Қазіргі таңда Маңғыстау облысының Мұнайлы орталық аудандық ауруханасының бастапқы медициналық- санитарлық көмек көрсету орталығында жалпы тәжірибелік дәрігер және күндізгі бөлім дәрігері қызметін атқарудамын. Өзім жас маман болғандықтан, бастапқыда ауруханадағы аға дәрігерлер мен меңгерушілер өз тәжірибиелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтып, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырды. Үлкен қолдау керсетті.
Ауылдық елді мекенде, атап айтқанда Маңғыстау өңірінде қызмет жасаған 3 жылда мен мол тәжірибе жинақтап, өз білімімді шыңдай түстім. Өзім оңтүстік өңірінің тумасы болсам да, еліміздің батыс өңіріне үйренісіп қалдым. Бұл жердің халқы, ауыл тұрғындары мені өте жылы қабылдады. Университет қабырғасында алған теориялық білімімді практикамен ұштастыра білдім.Жұмыс барысында болған кейбір қиындықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан, емделушілердің лебіздері маған өзімді жетілдіруге, үздік маман болуға, алға ұмтылуға серпін берді. 3 жыл атқарған дәрігерлік қызметімде мамандық таңдауда қателеспегеніме көз жеткіздім. Қазіргі таңда оқуды жалғастыру мақсатында резидентураға тапсыруға шешім қабылдадым. Бұл дәрігерлік қызметте жинақтаған тәжірибеме, біліміме сүйене келе қабылданған уақытылы әрі салмақты шешімім.
Түлектерге айтарым, ауылдық елді мекенде дәрігерлік қызмет атқаруда үлкен тәжірибие жинақтаумен қатар, Сіздерде жаңа өлкені тануға мүмкіндік туады. Ол мекеннің тұрғындарының саулығын бақылауға, оларды емдеуге тікелей атсалысатын боласыздар. Сонымен қатар жоғары еңбекақы кепілденген. Ауылдық өңірге еңбек етуге жол тартқан түлектерге сәттілік тілегім келеді! Алған кәсіби білімдеріңізді толықтай халық игілігіне, ұлт саулығына аянбай жұмсаңыздар!