Доктор Ханс Клюге ҚазҰМУ құрметті профессоры атанды
ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры, доктор Ханс Клюге Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің құрметті профессоры атағына ие болды.
Бұл Ханс Клюге мен Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың студенттермен «Денсаулық сақтау жүйелеріміздің болашағы: медициналық-санитарлық алғашқы көмектің беделі, мотивациясы, құзыреттері» тақырыбында кездесуінде орын алды.
ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге сынды Қазақстанның құрметті қонағын қабылдау университет үшін үлкен мәртебе деп атап өтті.
«Құрметті Ажар Ғиниятқызы, сізге ДДҰ өкіліне студенттерімізге тікелей сұрақтар қоюға мүмкіндік бергеніңіз, осы кездесуге өзіңіз жеке қатысқаныңыз үшін ерекше алғыс білдіремін. Қазақ ұлттық медицина университеті сенатының шешімімен доктор Ханс Клюге ҚазҰМУ құрметті профессоры атағы берілгені туралы хабарлауға қуаныштымын. Бұрынғы директор Жужанна Якаб ДДҰ мен Қазақстан қатынастарының дамуына елеулі үлес қосқанын және ол да ҚазҰМУ құрметті профессоры болып табылатынын атап өткім келеді. Доктор Ханс Клюге сіздерді университетімізге қайта келуге шақырамыз және болашақ дәрістеріңізді асыға күтеміз», – деді Талғат Нұрғожин.