2016 жылы Гүлдана Башуақованың екі бүйрегі бірдей істен шыққан. Содан бері диализге тәуелді. Үмітін үзе бастағанда, әкесі донор болып, өміріне араша түскен.
Гүлдана Байшуақова, қала тұрғыны:
Егер осы мәйіттік донор тақырыбы дамыған кезде қаншама жасөспірім балалар бар, кішкентай бөпелер бар, диализ аппаратында жүрген өмір сүруге мәжбүр. Мысалы, өзім қазір жұмыс істеп жатырмын. 18 жасымда бүйрек ауыстырып, қоғамға пайдам тиді. Оқу оқып, жұмыс істеп жатырмын. Бухгалтер, ипотекалық брокер ретінде қаншама халықтың алғысын алып жатырмын.
Ауруы асқынған Дәурен Атамбековке мәйттік донор екінші өмір сыйлаған. Есепте тұрған науқасқа дәрігерлер күрделі ота жасап, жүрегін алмастырған.
Дәурен Атамбеков, қала тұрғыны:
Ең алдымен екінші өмір сыйлаған Аллаға рахмет. Қолы алтын дәрігерлерге мыңда бір алғыс айтамын. Жастарыма айтарым – қара су ішсеңдер де, энергетик ішпеңдер.
Қазір Қазақстанда 4 мыңнан аса адам ішкі ағзасын ауыстыру үшін кезекте тұр. Оның 95-і – бала. 3700-ге жуық адам бүйрегін, 184 адам бауырын және 138 науқас жүрегін ауыстыруға мұқтаж.
Айдар Ситқазинов, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры:
Біз былтыр 6 мәйіттен 23 науқасқа трансплантация жасадық. Донорлық процеске кемінде 60-70 маман қатысады. Кез келген мәйітті донорлыққа ала алмаймыз. Инсульт алған немесе жол апаты кезінде миы істен шыққандардың ғана ағзасы алмастыруға келеді.
Ел азаматтары көзі тірісінде электронды үкімет порталы арқылы донорлыққа келісім бергенімен, о дүниеге аттанған соң туыстары қарсылық білдірсе, донор бола алмайды. Жақын адамдарының пікірі екіге жарылса да, ағза алмастыру отасы жасалмайды. Бұл мәйіттік донор мәселесінің алға жылжуына кедергі келтіруде, дейді мамандар.
Қуан Нұрақын