«Егер халқыма пайдам тиген болса, мен бақыттымын» – Академик Төрегелді Шарманов 90 жасқа толды
Бүгін Қазақстанның денсаулық сақтау саласының ғалымы, академигі, профессоры Төрегелді Шарманов 90 жасқа толып отыр.
90 жыл бұрын Ұлытау тауының етегінде қазақстандық медицинаның аңызға айналған тұлғасы, әлемдік денсаулық сақтаудың Ұлы Хартиясының авторы дүниеге келген болатын. Академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шармановтың сөзіне бүкіл ел құлақ асады. Ұлытау шыңындай ойы биік, өмірлік ұстанымы берік академик елдің жарқын болашағы үшін тынымсыз еңбек етіп келеді.
Төрегелді Шарманов аңызға айналған тұлға. Оның ақыл-кеңесіне тек еліміздің түрлі дәрежедегі министрлер мен шенеуніктері ғана емес, әлемдік деңгейдегі мамандар құлақ асады. Бүкіл әлем оны гигиена, алғашқы медициналық көмек және тамақтану саласынның новаторы ретінде біледі. Академиктің «Не жейміз, біз солмыз» дегенін көпшілік қайталайды.
Зиянды тамақпен күрес – бұл оның жеке майданы. Кейде бұл майданда жағдайды өзгерте алатын жалғыз жауынгер өзі сияқты. Майданның арғы жағында тамақ өнеркәсібінің алыптары тұр. Бірақ өз халқының денсаулығына деген қамқорлық кез келген қаржылық пайдадан жоғары болуы тиіс деген сенімде Төрегелді Шарманов.
Сол кездегі Кеңестік Қазақстанның денсаулық сақтау министрі лауазымында жұмыс істеген кезінде Шарманов елдің тамақтану саласындағы басты проблемаларын атап өтті және өзінің табандылығымен, жоғары басшылықты сендіре білуімен өз мақсатына жетті. Оның жетістігі – Қазақстанның йод тапшылығы бар ел болып табылатынын дәлелдеген зерттеулер. Ол тұзды міндетті йодтауға қол жеткізді.
Екінші жетістігі – ұнды фортификациялау. Темір тапшылығы анемиясы біздің еліміздің қасіреті болған еді. Академик Шарманов мұндай проблеманың бар екенін дәлелдеп, бұл мәселені шешудің жолдарын берген болатын – бұл ұнды фортификациялау. Яғни, жоғары, бірінші, екінші сұрыптағы барлық ұн темір препараттарын қосады. Осылайша, біздің елімізде темір тапшылығы анемиясы күн тәртібінен түсті. Академик Шарманов өз еңбегімен жүздеген мың адамның өмірін сақтап қалды.
«Мен өз уақытында йод тапшылығының өсуімен күресіп, оң нәтижеге қол жеткіздім. Бұл менің алғашқы жетістігім болатын. Қазақтарды көптеген аурулардан алшақ еттім, мұны бірақ көбісі түсіне қоймады. Бұл мен уағыздаған алғашқы жоба болды. Денсаулық – нағыз бақыт, бақыттың негізі десе болады. Егер халқыма пайдам тиген болса, менен асқан бақытты адам жоқ шығар. Менің бақытым – темір тапшылығы анемиясын жоюға қол жеткізіп, осыған қатысты шараларды басқарғанымда», – дейді Төрегелді Шарманов.
Бүгінде академиктің мақсат-бағдары – ұлт саулығы, тұтынылатын тағамның қауіпсіздігі, елдегі ғылымның, білімнің және медицинаның дамуы. Ғалым үнемі Үкіметке жүгініп, күрделі мәселелді қозғайды. Атап айтқада, елімізде ғылымның дұрыс қаржыландырылмауы, қазақстандықтардың тамақтануына қажетті зерттеулер жүргізу мәселелері, санитарлық қызметтің жай-күйі секілді. Әсіресе, балалардың денсаулығының жай-күйі қатты алаңдатады. Академик мектеп буфеттерінің ассортиментінен қант мөлшері жоғары кәмпиттер, қатты газдалған сусындар, майонез және кетчуп сияқты зиянды өнімдерді алып тастау мәселесін бірнеше рет көтерді.
Ал әзірге академик Шарманов қазақтың ұлттық өнімдерінің пайдалылығын дәлелдеп келеді. Ол бие сүтінің пайдалылығы мен құндылығын ғылыми зерттеулермен әлемде бірінші болып дәлелдеді. Негізінде, ол жаңа ұлттық бренд құрды және оны халықаралық аренада әлі күнге дейін белсене насихаттауда. Бүгінде академиктің ерекше мақтанышы –бие сүті негізінде жасалған шоколад.
«Әлемде шоколадты барлығы жақсы көреді, бірақ мен бие сүті негізінде қазақ шоколадын жасауға бел будым. Қазақ шоколадын жасап шығамрдым, оны кейін барлығы ұнатты. Швейцариялық, француз шоколады бар емес пе, ал енді қазақ шоколады бар. Ол өте құнарлы әрі таза. Оның себебі бие сүтінде», – дейді медицина ғылымдарының докторы.
Қазақстандық медицинасының корифейі – Төрегелді Шарманов өзінің 90 жасында тынымсыз еңбек етуде. Ол Қазақ тағамтану академиясына маңызды өзгерістер енгізуде. Ол сондай-ақ С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың құрметті профессоры болып табылады. Академик Шарманов өзінің тәлімгерлік миссиясын еш ұмытпай, жас мамандарды даярлауға көп көңіл бөледі.
«Университет екеуміз құрдаспыз, біз бір жаста – 1930 жылы дүниеге келдік. Осы киелі қара шаңырақта медицинаға жол ашқаныма қуаныштымын. Мен Қазақ ұлттық медицина университетінде оқуымды бастағаныма мақтан тұтамын, қазір оны дамытуда тыңғылықты жұмыс атқару үстіндемін», – деп атап өтті Шарманов.
Академик Төрегелді Шарманов 90 жасқа келсе де, жаңа жеңістер мен шыңдарды бағындыруға күш-қуаты жетерлік. Шарманов денсаулық сақтау саласындағы көшбасшы бола қоймай, халыққа көмек көрсетуде және елінің игілігі үшін еңбек етуге әрқашан даяр.
Жылдар өтіп, ұрпақ ауысады. Дегенмен, аты аңызға айналған академик Шарманов қайраттылық пен өжеттік көрсетіп, уақытына сай ілесіп келуде.