Елжан Біртанов «Волонтер жылына» бастау берді
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық волонтерлікке ресми бастама беріп, медициналық білім ордаларының студенттерін «волонтер жылының» іс-шараларын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды. Ол Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің волонтерлік ұйымдарының қатысушылары алдында сөз сөйледі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялаған еді. Мемлекет басшысы атап өткендей, «2020 жыл бүкіл ел ауқымындағы қайырымды істер жылы болмақ.
Денсаулық сақтау министрі медицина саласында волонтерлік қызметті дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
«Әлемнің барлық елдерінде медициналық кадрлар тапшылығы бар. Біз Қазақстанда ең заманауи халықаралық хаттамалар бойынша ем беруге міндеттіміз. Бұл қомақты қаржыны талап етеді, сондықтан біз жалақыдан үнемдеуге мәжбүрміз. Біз мұны реттеуге тырысып, жалақыны көбейтіп жатырмыз. Осы ретте волонтерлердің көмегі өте маңызды. ҚазҰМУ ректоры Талғат Сейтжанов ауылдық медицинаға қолдау көрсетсек жақсы болар еді дейді. Ашығын айтқанда ауылға барғысы келетіндердің саны көп емес. Арнайы медициналық пойыздар ауылдық өңірлерге келген кезде кезекте тұратын ауыл тұрғындарының саны қаншама. Сіздер үшін бұл тек патриоттығыңызды көрсетуде ғана емес, сонымен қатар өз тәжірибеңізді байытуға үлкен мүмкіндік. Сіз кіші медициналық қызметші ретінде көп көмек көрсете аласыз. Менің ойымша, бұл оң бастама. Бұл бастаманы барлық университеттер қолдайды деп үміттенемін», – деді Біртанов.
Ол экономиканың басқа да салаларында жалақы әлдеқайда жоғары екеніне қарамастан, қазір медициналық мамандықтарға үлкен конкурстың бар екенін атап өтті.
«Адамдарға әрқашан дәрігер болу қызықты болмақ. Дәрігер ақша не пайда үшін емес, көмектесу үшін, науқастардың сауығуы үшін адал еңбек етеді. Дәрігерліктің түпкі мән-мағынасы осында жатыр. Сондықтан біз бәріміз волонтерміз», – деді министр.
Өз кезегінде ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин жиналғандарға волонтерлік бастамаларға қатысқаны үшін алғысын білдірді.
«Сіздердің жүректеріңіздің, жаныңыздың мейірімділігі мен ашықтығы үшін алғыс білдіремін», – деді ректор.
БҰҰ бағалауынша, бүкіл әлемде 1 млрд жуық адам өз уақытын волонтерлік қызметке арнайды. Волонтерліктің әлемдік жалпы ішкі өнімге қосар үлесі шамамен 2,5 пайызға жуықтайды
«Біз жастар жылында бірлесе көптеген жұмыстар атқардық. Енді міне, биылғы еріктілер жылында осы қарқында жан-жақты жұмыс істейтін боламыз. Волонтерлік деген жомарт жүректі адамдардан туындайтын іс. Сондықтан, еріктілер қозғалысының символы жүрек болып табылады, ол мейірімділікті, табандылық пен ерік-жігерді сипаттайды», – деді ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин.
Бүгінгі таңда университетте 2 волонтерлік ұйым жұмыс істейді: «Қазақстанның медицина жастары» және «ҚазҰМУ Волонтерлер лигасы», онда 200-ден астам белсенді студенттер еріктілер жұмысымен айналысады. ҚазҰМУ волонтерлері балалар үйлеріне хоспистерде жұмыс істейді, қайырымдылық жұмыстарымен айналысады, сондай-ақ көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Университет 2020 жылға арналған «Еріктілер жылын» өткізу бойынша іс-шаралар жоспарының жобасын бекіткен болатын.
Жалпы 10 жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде 1 республикалық жоба – «Бар жақсылық – ауылға!» жобасы. Оның аясында еліміздің ауылдық аймақтарындағы дәрігерлердің жұмысына ерікті-медиктер көмектесетін болады. Ерікті-медиктердің аймақтық штабтары 14 облыста және республикалық маңызы бар 3 қалада ашылады, сондай-ақ ерікті-медиктер саны 500-ден 5000-ға дейін артатын болады.