Еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Сәруарұлы Ормантаев 80-ге келді
11 қыркүйек күні Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, 14 000-нан астам балаларды құтқарып қалған еліміздегі бірегей хирургтардың бірі Камал Ормантаев 80-жылдық мерейтойын атап өтуде.
Еліміздің көптеген отбасыларында аты аңызға айналған тұлға – балалар құтқарушысы, мейірімді «Дәрігер Айболит» және Қазақстанның басты балалар дәрігері ретінде танымал.
Қазақстанның балалар хирургиясы, педиатрия, травматология мен анестезиологиясының негізін қалаушы К. Ормантаев 1936 жылы 11 қыркүйекте Қызылорда облысының Қармақшы ауданында, қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келген.
Ұлы дәрігер, педагог, қазіргі уақыттағы үздік хирургтардың бірі Камал Сәруарұлы Ормантаевтың отандық медицинадағы алар орны ерекше.
Жоғары білікті балалар хирургі К. Ормантаев көкірек қуысы, өкпе, өңеш, құрсаұ қуысы, бас сүйек пен бүйрек мүшелеріне жиырма төрт мыңға жуық күрделі оталар жасаған.
К.Ормантаев 1953 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түседі. 1959 жылы АММИ-дің балалар хирургиясы кафедрасының клиникалық ординатураға түсіп, 1961 жылы клиникалық ординатураны және 1965 жылы кандидаттық диссертацияны қорғап госпитальдік хирургия кафедрасының аспирантурасын тәмамдайды. Содан соң Камал Сәруарұлы АММИ-дің балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті болып еңбек жолын бастайды.
1971 жылы КСРО МҒА Педиатрия Ғылыми-зерттеу институтында докторантураны бітіргеннен соң докторлық диссертацияны қорғап, оған профессор атағы берілді.
Сонымен қатар, К.Ормантаев КСРО МҒА (Мәскеу) Педиатрия Ғылыми-зерттеу институтына қарасты, аталмыш саладағы белді маманы профессор Анатолий Георгиевич Пугачев басқарған балалар хирургиясы клиникасында докторантураны оқиды.
1971 жылы 35 жаста Камал Сәруарұлы «Хирургическое лечение двусторонних хронических нагноительных заболеваний легких у детей» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, профессор атағын алып, Қазақстандағы ең жас және алғашқы балалар хирургиясы бойынша ғылымдарының докторы болды. Өзінің 32 жасында К.Ормантаев Алматы мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасын басқарды.
1968 жылдан бастап 2012 жылға дейін Камал Сәруарұлы Ормантаев балалар хирургиясы кафедрасын тұрақты басқарып келді. Кафедраны басқарған 43 жылдың ішінде білікті ұстаздың қолынан 1500-нан астам дәрігер болашаққа жолдама алып, көбісі облысаралық балалар хирургиясы бойынша ұлттық орталықтардың жетекшілері, кафедра меңгерушілері атанды. Академик К.Ормантаев жоғары білікті мамандар дайындауда хирургтардың кәсіби жан-жақты дамуын, ғылымның дамуына және оның халықаралық деңгейге көтерілуіне үлкен көңіл бөліп келеді. Камал Сәруарұлы ұзақ жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетінің деканы болған.
1981 жылы ғылымға сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді. 1989 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық академиясының корреспондент мүшесі, ал 1994 жылы толық мүшесі, 1995 жылы Қазақстанның алдын алу медицина Академиясының вице-президенті болып сайланады, 1999 жылы Камал Сәруарұлы бастаған ғалымдар «Балалардың травматология және ортопедиялық ауруларын емдеу жаңа технологиясы» ғылыми еңбегі үшін «ҚР ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтың Лауреаты» марапатына ие болады. Сол жылы Камар Сәруарұлы «Парасат» орденімен марапатталады. 2001, 2003 жылдары «Жыл дәрігері» сыйлығының иегері, ал 2004 жылы «Ғылым» номинациясы бойынша тәуелсіз жалпыұлттық «Тарлан-2004» сылығының иегері атанады.
Академик К.Ормантаев нейрохирургия, травматология, комбустиология, урология, өкпе хирургиясы және т.б. салалары бойынша жаңа ғылыми зерттеулер жүргізді. Басты көңіл балалардағы бас-ми жарақаттарына бөлінді. Соңғы жылдары К.Ормантаев кіші жастағы балалардағы нейроинсульттерді зерделеу бойынша ұлттық зерттеулерді басқарып келеді.
К.Ормантаев 320-дан аса ғылыми жұмыстардың, балалар хирургиясы бойынша кеңестік нұсқаулардағы 9 тараудың және 9 монографиялардың, оның ішіндегі екеуі «Медицина» баспасымен шыққан «Балалардағы сүйек ішілік жуу» (1979ж.) мен «Балалардағы ауыр бас-ми жарақаттары» (1982ж.) монографияның авторы. «Балалар травмматологиясы» (1978ж.) монографиясы ҚСР ДСМ-нің Әл-Фараби сыйлығымен марапатталды.
Камал Ормантаевтың редакциясынан 13 конференциялардағы ғылыми еңбектер мен материалдар жинағы, 8 методикалық ұсыныстар әзірленген. Шәкірттерімен бірге 22 өнертабыс дайындалып, тәжірибелік жұмысқа енгізілді.
Сонымен қатар, К.С. Ормантаев Ресейде шығатын «Хирургия», «Детская хирургия» журналдардың редколлегия мүшесі, еліміздегі «Денсаулық» ғылыми-танымал журналдың редколлегия мүшесі және «Қазақстандағы педиатрия және балалар хирургиясы» журналының бас редакторы, педиатрия мен балалар хирургиясы бойынша кандидаттық пен докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандырылған Кеңестің төрағасы. Түркітілдес мемлекеттердің педиатрлар Ассоциациясының және Қазақстан педиатрлар Ассоциациясының президенті болып табылады. Орта Азия елдері мен Түркия педиатрларының 3-ші жергілікті Конгрессінің президенті болып тағайындалған.
Камал Сәруарұлының тікелей қатысуымен 14 мыңнан астам балаға әртүрлі деңгейде ота жасалған, соның ішінде: ауыр бас-ми жарақаттары; кеуде қуысында, құрсақ қуысында, урологиялық патологияда туа біткен аурулар; созылмалы бронхиттік аурулар. Сондай-ақ К.Ормантаев балалардың өмірін құтқаруда құрсақ қуысындағы аурулар бойынша жедел көмек көрсеткен. Және балалардың бас-ми жарақаттарына, кеуде мен құрсақ қуысы мүшелеріне бірегей оталар, урологиялық оталар жүргізілді.
Ширақ мінезді Камал Сәруарұлы Қазақстанның қоғамдық өмірінен сырт қалған емес, керісінше бүгінде академикті қоғамның жағдайы, денсаулық сақтау жүйесінің бүгіні мен ертеңі терең толғандырады. Әрине, Республикамызда педиатрия факультеттерінің жабылуы балалар хирургі мен педиатр К.Ормантаевқа ауыр тиді, бұл мәселе академикті қатты ойландырады. Аталмыш сұрақ бойынша ол теледидардан және бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет сұхбат берген болатын.
Белгілі академикті тек қана Қазақстан Республикасында емес, одан да тыс шетелдерде ұлы ғалым, жоғары білікті педиатр маманы, мыңдаған балаларды аман алып қалған балалар хирургі, барлық күш-қуаты мен білімін ғылымның дамуына және кадрлар дайындауға жұмсаған қоғамдық қайраткер ретінде танып біледі.
Камал Ормантаев есімі – медицина ғылымының тарихындағы тұтас дәуірі, білім мен тәжірибенің және қазіргі уақытттың ұлы хирургінің дәуірі. Бүгінгі құрылған оның ғылыми мектебі – көзі тірісінде қойылған ескерткіш іспеттес.
Камал Сәруарұлы үлгілі отбасы, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген бақытты әке. Ұлдары – Алмас,Жарас. Қыздары – Сәуле,Айжан. Бүгінгі таңда немерелері мен шөберелері бар.
К.Ормантаев қажымас күш-қайраты мен ұйымдастырушылық таланты, басшылықтағы жоғары біліктілігі, адамдарға және өзіне талап етушілігі мен принципшілдігі, қарапайымдылығы мен шынайылығы қатар жүрген білгір ғалым мен педагог ретінде Қазақстандағы, Ресейдегі, басқа да алыс және жақын шетелдердегі әріптестерінің сыйластығы мен зор құрметіне ие.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ұжымы Камал Сәруарұлын атаулы мерейтойымен құттықтай келе, зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыңызға амандық пен бақ-дәулет, ұзақ ғұмыр тілейді. Өзгелерге өмір сыйлайтын қолыңызға, ерлігіңіз бен еңбегіңізге алғыс айтамыз. Сіз С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің мақтанышысыз.
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/еліміздегі-балалар-хирургиясының-не/