Еліміздің үздік талапкерлері ҚазҰМУ-ды таңдап отыр
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей интернатының түлегі Зарина Сержанова ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 137 ұпай жинады және бұл БҚО бойынша ең жоғары көрсеткіш. Зарина бірінші сыныптан оқу озаты және «Алтын белгі» иегері болып табылады.
– Бірінші сыныптан бесінші сыныпқа дейін №2 мектепте, 6-8 сыныптарда – №34 орта мектепте оқыдым, кейін мен Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей интернатына ауысқан болатынмын. ҰБТ-ға дайындық кезінде математика бойынша мұғалімнің көмегі қажет болды. 9-сыныптың басында қиындау болды, себебі бір сабақтың ұзақтығы 90 минут болатын. Бір күнде бір тақырыпты үш сабақ бойы оқитын жағдайлар болды. Кейінірек мен үйренісіп кеттім. Бірінші сыныптан оқу озатымын, енді Алматыдағы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түсуді жоспарлап отырмын. Алдымен жалпы медицинаны, кейін кардиология немесе онкология бағытын таңдауды көздеп отырмын. Оқу орындарды белгілеуде мен одан бөлек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды, Гумилев атындағы ЕҰУ-ды да көрсететін боламын. Бұдан әрі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге кететін шығармын, – дейді Зарина Сәкенова.
Қазіргі таңда бойжеткен жақсы маман болуды мақсат етіп ҚазҰМУ-ға түсуді жоспарлап отыр.
ҚазҰМУ Баспасөз қызметі