Ел екпеден неге үркеді?
Елді елеңдетіп отырған мәселенің бірі – екпе (вакцина). Бұл – балаларда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егіледі. Өкінішке қарай, екпе егуге қарсы ата-аналар көбейді. Денсаулық сақтау қызметкерлері болса, баланың өмірін ұзарту үшін қолданатын екпенің зияны жоқ екенін айтып, шырылдап бағуда. Мамандардың пікірі, екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр дегенге саяды. Мұны дамыған елдердің медицинасы әлдеқашан мойындап қойған.
Екпе жөнінде жазылған мақалаларды сараптап қарасақ, оның зиянынан пайдасы көп екеніне көз жеткізесіз. Әрі ғалымдар оны адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі деп санайды. Талай бала өлімнен аман қалды. Әлем мойындаған екпені қазақ даласына алып келгендердің бірі – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ол екпені алғаш шешекке қарсы пайдаланған екен. Әрі бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын енгізгені туралы деректі оның «Шипагерлік баян» атты еңбегінен табуға болады.
Еліміздегі инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Екпелердің едәуір бөлігіне мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Гепатит, тұмау, күйдіргі, туляремияға қарсы егулер мемлекет есебінен қаржыландырылады. Қазақстан ғана емес, өзге мемлекеттер де екпеге жыл сайын миллиондаған қаражат бөледі. Сөйтіп, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алады. Ендеше, әлем мойындаған екпе мәселесінде біздің қоғам неге екіге жарылды?
Ислам шариғаты балаға екпе егуге қарсы деген пікірдің қате екендігін теолог ғалымдарымыз да мойындап отыр. Өйткені қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Демек, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» қажеттігін шариғат та мойындап отыр. Онда ата-ана тарапынан екпе салдыруға қарсылықтың көбейгенін немен түсіндіреміз? Әрі екпе егуге қарсы болғандарға айыппұл салу мәселесі де көтеріліп жүр. Екпені алдырту үшін ата-анаға айыппұл салған дұрыс па, әлде екпені өз еркімен ектірген дұрыс па? Бұған мамандар не дейді?
Төрегелді ШАРМАНОВ,
академик:
Екпе екпеу – баланың өмірін Қысқарту
–Көпшіліктің екпе мәселесінде пікірі екіге жарылып тұр. Әсіресе, кейбір ата-аналар екпе егуге мүлдем қарсы. Неге?
–Діни ұғым дегеніміз не? Халыққа, оның денсаулығына, жалпы, оның адами қасиетіне зиянын тигізбейтін пайдалы жақтарын қолдайтын ұғым деп қабылдаймыз. Ғылым да, техника да сатылап дамып отырады. Діни ұғым оған ешқашан қарсы тұра алмайды. Қоғамда не пайдалы соны қабылдауымыз керек. Дін ғылыми жетістіктерге сүйеніп, денсаулыққа пайдасы тиетін іс-әрекетті қолдамаса, онда біздің ғылыми дамуымыз қайда қалады? Сондықтан ислам шариғаты екпеге қарсы деген түсінікпен өмір сүретін болсақ, оның соңы жақсылыққа әкелмейді. Екіншіден, діннің бағыты, бағдары адамға пайдалы болуы шарт. Адамның денсаулығын жақсартуға, өмірін ұзартуға жетелейтін дүниелердің несі жат? Ғылыми жетістіктерге, адамның денсаулығын жақсартатын екпеге қайшы келмеуіміз қажет. Аурудың алдын алатын, ауруды болдырмайтын вакцина салынса, одан адам еш ұтылмайды. Мұның бәріне ғылыми жетістіктердің арқасында қол жеткіздік. Ұлт дамуы тиіс. Әрі ғылыми әрекетті мойындай отырып, дамуы қажет.
–Екпе салдырмайтындарға айыппұл салу мәселесін қалай түсінесіз?
–Егу арқылы балалардың өмірін сақтап қалғанның не зияны бар? Пайдасы болса, оны қолдағанымыз жөн. Екпе жасатпау дегеніміз – баланың өмірін ұзартпау деген сөз. Сонда өз баламызды өзіміз қолдан өлтіріп отырамыз ба? Елімізде өлім-жітім көбейеді. Ғылымның жетістігін мойындамау – түсінбестіктен туындайды. «Аңқау елге – арамза молда» дейміз. Халыққа пайдасы тиетін, денсаулыққа зияны болмайтын ғылыми жетістікке арамза молда болмаса, діннен сауаты бар, білікті адамдар қарсы болады деп ойламаймын. Дінді бұрмалауға болмайды. Екпеге қарсы шығатындардың көбі – дінді теріс түсініп жүрген «дүмшелер». Денсаулықты сақтап қалатын жетістіктерді пайдаланбау – өлімге итермелеу. Біздің мақсат – адамзаттың өмірін сақтап қалу. Балалардың өмірін сақтап қалу. Біздің келешегіміз – бала. Келешекке балта шаба алмаймыз. Екпе мәселесінде көпшілік осыны ұғынғаны жөн.
Айнагүл ҚУАТБАЕВА,
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы эпидемиологиялық мониторинг департаменті директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты:
Нақты ақпарат көздеріне сүйенген дұрыс
–Вакцинация мәселесіне келгенде халықтың арасында ағарту, түсіндіру жұмысын жүргізу аса қажет. Бұл жұмыс жүйелі түрде өткені абзал. Соңғы кездері жас ата-аналардың білікті дәрігерлердің емес, әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға көбірек сенетіні алаңдатады. Жалған ақпараттардың арқасында, жастардың екпеден бас тартып жататынын көреміз. Түсіндіру жұмыстарына шақырғанда, келмейтін ата-аналар да көп. Солай бола тұра, елімізде вакцинациямен қамтамасыз ету ең жоғары деңгейде, яғни, 98 пайыз. Оның ішінде 1,8-1,9 пайызы денсаулық жағдайына байланысты медициналық тұрғыда екпеден босатылғандар. 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 0,4 пайызы ата-аналарының қарсылығына байланысты екпе алмағандар. Вакцинациямен қамтамасыз ету жоғары деңгейде болғандықтан, егуге қарсы шыққан адамдар саны эпидемиологиялық жағдайға әсер етпеуі мүмкін. Аз адам болса да, вакцинациялаудың пайдасы жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Сонда ғана екпеге қарсы адамдардың санын төмендете аламыз. Биылғы жылдың өзінде республикалық деңгейде әрбір облыстан мамандарды шақыртып конференциялар өткізіп, ой бөлістік. Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қалаларында 400-ден астам мамандардың қатысуымен аймақтық жылжымалы конференция ұйымдастырдық. Қазақстан вакцинаның ең соңғы, тиімділігі жоғары әрі қымбат түрін пайдаланады. Бізге келетін екпенің барлығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификаты мен рұқсаты бар. Әрбір келген вакцина түрін тіркеу уақыты
9 айдан бастап, бірнеше жылға созылады. Құжаттарын, зертханалық түрде оның қауіпсіздігін тексереміз. Мұндай мүмкіндік кез келген елде жоқ. Біз қолданатын бір дозалық вакциналар мемлекеттік бюджетке ауыртпалық түсіруі мүмкін. Дегенмен еліміз халық денсаулығын нығайтуды басты межеге қойғанын айта кеткен жөн. Вакцинаны тасымалдау, сақтау мемлекетіміздің жоғары деңгейдегі стратегиялық мәселесі болғандықтан, бұл жұмыс қатаң қадағаланады. Емдік мекемелерде вакцинаның бір айлық мөлшері ғана сақталады, қажетінше ай сайын жаңартылып отырады. Облыстық, ауданаралық деңгейде вакцина үш айдан астам сақталмайды.
Екпе егуден бас тартып жатқандарға келсек, діни ұстанымдағылар ғана емес, жеке өзіндік көзқарасына сүйенгендер де бар. Әсіресе, жас ата-аналар арасында құрбысының, танысының пікіріне сүйеніп, екпеден бас тартып жататындарды байқап қаламыз. Бұлардың барлығына біз түсіністікпен қарап, себеп-салдарына үңілгеніміз жөн. Бұл динамикалық процесс болғандықтан кейбір ата-аналар түсіндірме жұмысынан кейін шешімдерін өзгертіп жатады. Қазір екпеден бас тартқандарға айыппұл салу мәселесі қызу талқылануда. Бұл біздің ел үшін қаншалықты нәтижелі болатынын уақыт көрсетеді. Шетелдік тәжірибеде мұндай шаралар бұрыннан бар. Мәселен, Италияда бала вакцинамен басқарылатын жұқпамен ауырып қалса және ол егуден алдын ала бас тартқан болса, сол дертті емдеу құнын ата-анасы төлейді. Қызылшаның емі бүкіл елге 7500 евроға шағады. Сол сияқты Польша мемлекетінде тұрғылықты халықтан бөлек, сырттан келген азаматтарға ағарту жұмыстары жүргізіледі. Ағарту жұмысынан кейін де екпеден бас тартса, онда мемлекет айыппұл салады.
Тағы бір айтатыны, екпе салғаннан кейін ағзада сол ауруға қарсы арнайы антиденелер пайда болады. Қорғану антиденелерінің нәтижесінен баланың дене қызуы көтеріліп, ине салған жері қызаруы мүмкін. Бала мазасызданып жатады. Бұл алғашқы күндері ғана, кейбір жағдайларда ғана кездесетін әсер. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Қалай десек те, бастысы, екпе баланы сол аурудан қорғайды.
Динагүл БАЕШЕВА,
доцент, медицина ғылымдарының докторы, Астана медициналық университеті балалар және инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі:
Айыппұл мәселені шешпейді
– Жұқпалы аурулар саласында қызмет етіп келе жатқаныма 35 жылдан асты. Екпені дер уақытында салмағандықтан, қаншама нәрестенің шетінеп кеткенін көзіммен көрдім. Екпе салу қажет. Мысалы, 2014 жылы қызылша өршіп кеткені белгілі. Мұның себептеріне келсек, түбі екпе алмағаннан екені анықталды. Сол кезде бізге келген ата-аналар екпені өздері сұрады. Себебі, бұл екпе егу жөнінде дұрыс түсінігі қалыптасқан аға буын өкілдері еді. ХХ ғасырдың басында екпе әлі енбеген заманда қаншама сәби шетінеп, тіпті бір отбасының қырылып кеткенін тарихтан да білеміз.
2010 жылға дейін пневмония мен менингиттің ең ауыр түрімен ауыратын балалардың шетінеп кететінін көрдік. Сол кездері менингитке қарсы екпені жартылай алған бала сауығып кетті де, мүлдем қабылдамаған бала мүгедек болып қалды. 2010 жылы пневмококқа қарсы екпе енгізілгелі бері елімізде бұл жағдай түзелді. Тәжікстан мен Өзбекстан халқының 98 пайызы барлық екпені егеді. Оның әрбір түрі қомақты қаржыны талап ететіндіктен, оларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көмектеседі. Соның өзінде олар қабылдап жатқан екпе ең соңғы әрі ең тиімдісі деп айта алмаймыз. «Қолдағы алтынның қадірі жоқ» демекші біздің Үкімет екпенің ең күшті әрі ең соңғы түрін пайдаланады. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан ұлт саулығын, ел саулығын алдыңғы межеге қойып, оған қыруар қаржы бөліп жатқанын мақтанышпен айтуымыз керек. Соған қарамастан, бізде екпе егуге қарсы азаматтарымыз бар. Көптеген елдер халқын екпемен қамтамасыз етпейді. Мысалы, Қытай халқы оны өз қаражатына сатып алады. Тағы бір айта кетерлігі, шариғатқа сүйеніп, қарсы болатындар бар. Алайда қажылыққа барарда менингококқа қарсы екпе егу міндеттеледі. Егемендік алып, дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан екпе егу де мемлекеттің дамуын айғақтайтын мәселе.
Екпе егу хақында дәрігерлер мен халық тығыз жұмыс істеуі қажет. Оны алмаған азаматтарға айыппұл салу туралы түрлі пікірлер айтылуда. Бұл түпкі мәселені шешпейді. Себебі, айыппұлын өтеп, оны қабылдамай кететіндер де шығады. Бір жағынан бұл Конституция бойынша адамның өз құқығын, өз шешімін таптаумен тең. Сондықтан халықпен бірлесе отырып, үгіт-насихат жұмыстарын күшейту керек. Вакцинацияны халыққа түсіндіретін, насихаттаумен айналысатын мектептерді қалыптастыру қажет.
Мақпал Жанатқызы, педиатр:
Ата-аналар интернетке көп сенеді
– Ата-аналардың көпшілігі интернеттегі кейбір ақпараттарға сүйеніп, екпенің пайдасынан гөрі зиянын ойлап тұрады. Ол ақпараттардың барлығын бірдей шындық деп қабылдауға болмайды. Бұрыс деректер көп тарағандықтан, ата-ана көбіне соған сүйенеді. Ол дұрыс шешім емес. Көп балалардың мүгедек болып қалуының сырын екпеден іздейтіндер де көп. Оның себеп-салдары мүлдем басқа нәрсе болуы мүмкін.
–Екпені екпей қоюға бола ма?
–Екпені екпеу екі жағдайда ғана жүзеге асырылады. Біріншіден, неврологиялық аурулар болған жағдайда салынбайды. Екіншіден, аллергия, бөртпе ауруларында да екпе екпейміз. Балаға екпе егудің алдында жан-жақты тексеруден өткіземіз. Тамағы таза болса, мұрны ақпаса, іші өтпесе, дені сау бүкіл балаға вакцинация салу міндетті.
– Екпе салдырмаған жағдайда айыппұл салу мәселесі қайдан туындап отыр?
– Айыппұл салу мәселесі қайдан шыққанын білмейміз. Бұл елдің арасында жай таратылып кеткен ақпарат болар. Айыппұлға қатысты арнайы бұйрық, нақты қол қойылған құжат болған жоқ.
Алмагүл ДҮЙСЕНОВА,
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар
кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы:
Тұмауға қарсы екпені қыркүйекте алған жөн
–Науқастардың ауру тарихын зерделегенімізде, екпе егілмегендіктен аурудың асқынуы орын алатынын, тіпті өлім жағдайына да әкелетінін аңғарып жатамыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша арнайы қауіпті топ: жүкті әйелдер, балалар, қант диабеті бар адамдар, иммунитеті төмен жандар, медициналық қызметкерлер міндетті түрде екпе алуы қажет. Бұлай деп отырғанымыз, бұл топтағы адамдарда тұмаумен аурудың асқыну деңгейі басқа топтармен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары. Екпе салдырсам да тұмаумен ауырып қалдым деген кейбір азаматтар екпеге қарсы пікір білдіруде. Шын мәнінде, тұмаудың себеп-салдарына ұқсас тыныстық жолдармен берілетін 300-ден астам жұқпалы инфекциялар бар. Сіздің вакцинаңыз бұл инфекцияларға әсер етпейді. Сондықтан ауруды алдымен анықтап алу керек. Келесі мәселе, тұмауға қарсы екпе егу ерте, яғни, қыркүйек айынан басталғаны абзал. Себебі, кей жылдары тұмау ерте таралады. Екпе ағзаға сіңіп, иммунитет пайда болуы үшін бір айға дейін уақыт қажет. Әсіресе, жүкті әйелдер ертерек қамданғаны дұрыс.
Кейбір елдерде екпе егілмеген азаматтарды жұмысқа да қабылдамайды. Қытайда баланың денсаулық кітапшасында екпе егілгені жайлы ақпарат болмаса, екпе егілмесе, мектепке қабылданбайды. Меніңше, бұл – дұрыс үрдіс. Бізде ауырып тұрған баланың сабаққа баруы, ересектердің жұмысқа баруы, емханаға өзі келуі дұрыс деп қалыптасып кеткен. Біздің ұсынысымыз, науқас ешқайда бармай, үйіне дәрігерді шақырту қажет. Себебі, науқас көпшілікпен араласа отырып, ауа тамшылары арқылы жұқпалы ауруды таратушы екенін естен шығармау керек. Халықпен тығыз жұмыс істеп, насихаттаудың жаңа жолдарын ойластырған абзал.
Ершат ОҢҒАРОВ,
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы, теолог, Ph.D докторы:
Шариғат екпеге қарсы емес
– Құран мен Пайғамбар сүннетінде аурудың алдын алуға қатты көңіл бөлген. Медицина ғылымындағы соңғы жетістіктер талай жылғы тәжірибенің арқасы ғана емес, бұл Алланың өз құлдарына жасаған қамқорлығы: «Егер мен ауырсам, Ол (Алла) мені аурудан айықтырады…» (Құран 26:80)
«Алла барлық ауруға шипаны қосып жаратқан» (Әбу Һурайрадан жеткен хадис) Имам әл Бухари мынадай хадистің барын айтады: «Медицина – аурудан айығуға көмектесер құрал». Тағы бір хадис бар: «Ауруды жаратқан, сол ауруға емді де қоса жаратқан еді», бұл хадисті де Әбу Һурайра жеткізіпті бізге. Мұнан да бөлек, сахих хадистердің барлығында ауру бар болса, сол аурудың емі де бар деген сөздер айтылған. Сондықтан да адамның өміріне медицина араласпауы (вакцинацияны қоса айтып отырмыз) керек деген сөз – барып тұрған антұрғандық, адасу.
Имам Муслим жеткізген осы хадисте, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Барлық ауруға дәрі бар. Дәрі ауруға дәл келсе, Алла ол кісіні айықтырады». Пайғамбарымыз аурудан емделуге дәріні қолдануға рұқсат берген дейді.
«Алапеспен ауыратын адамнан арыстаннан қашқандай қаш» (Әбу Хурайра жеткізді). Егер осы хадисті жақсылап оқысаңыз, аурудың алдын алуға, жұқпалы дертке шалдықпаудың бар қамын жасауға шақырып тұр. Хадисте: «Белгіленген тағдырың орнауы үшін, алапес адаммен отыр» делінбеген. Дәл осындай тағы бір хадис Усама ибн Зайд жеткізеді: «Қандай да бір жерде жұқпалы ауру тарады дегенді естісеңдер, ол жаққа бармаңдар. Егер оба ауруы сендер тұрған жерде тарай бастаса, ол жерден кетпеңдер». Бұл хадисте аурудан абайла және ауру басқа жаққа таралып кетпесін деген ескертулер жатыр.
«Кім аджуа дейтін құрманы таңғы асқа жетеуін жесе, оны сол күні у алмайды әрі сиқырлық оған өтпейді». Бұл хадис – 7 құрманы қабылдау арқылы аурудың алдын алуға шақырып тұр.
Екпе – ғалым, медицина мамандарының бірнеше ғасыр бойы іздеп тапқан дәрісі. Вакцинация жасауға өз басым қарсы емеспін. Еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігі ресми бекіткен екпе түрлерін салдырған дұрыс.
Аталған заң жобасындағы вакцинация мәселесі дұрыс көтерілді деп санаймын. Мемлекет ресми түрде бекіткен екпе түрлерінен бас тарту қоғамға үлкен қауіп әкелуі мүмкін. Көптеген мемлекеттердің тәжірибесінен көріп отырмыз. Халыққа екпе жасауға бірнеше жыл кедергі жасалса, жұқпалы аурулар үлкен бір аумақтарға таралып кетеді. Жаппай иммунизация жасау, кедей, тұрғылықты жері онша жақсы емес аумақтар үшін де жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Екпенің пайдасы бір сөзбен айтқанда, ұшан-теңіз.
Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК