Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды! (Фото)
Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жеңіс күні мен ҚР Отан қорғаушылар күнін атап өтті
Жыл сайын университетімізде Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, шара барысында оқуын енді тәмамдап майданға аттанғандарды да дәстүрлі түрде еске алады. Сол кезгі Алматылық медицина университетінің 1500 түлегі майданға аттанып, оның 380-і майдан даласынан оралмаған. Қазақ ұлттық медицина университетінде халқымыздың бейбіт өмірі үшін өз өмірін құрбан еткен батырларымызға арналған батырлар аллеясы бар. Бүгін де дәстүр бойынша аталмыш аллеяда Жеңіс күні мен ҚР Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шара бастау алған болатын.
Жылда 9 мамыр қарсаңында Асфендияаров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті қабырғасында студенттердің Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, мерекелік концерттер өтеді. Дәстүр бойынша мерекелік іс-шаралар қаза болған дәрігерлерге гүл шоқтарын қоюмен басталады. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70-жылдығына орай ҚазҰМУ-да 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдарында ұрыс алаңында қаза тапқан, медицина университетінің оқытушылары мен студенттердің есімдері жазылған ескерткіш қабырғасы қойылған болатын. Ескерткіш қабырға Алматылық медицина университетінің студенті болып майданға аттанып, ерлікпен қаза тапқан қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Кеңес Одағының Батыры Владимир Иванилов атындағы аллеяда орналасқан.
Ұлы Отан соғысы жеңісіне қазақстандық майдангер-медиктері үлкен үлес қосқаны сөзсіз. Сонымен қатар, сарбаздар мен офицерлер секілді, олар – терапевтер, хирургтар, фельдшерлер, медбикелер – барлық ауыртпалықтарды қабылдап, өз өмірлерін тәуекелге тігіп, жүздеген және мыңдаған жараланғандардың өмірін құтқарды.
Бұл ҚазҰМУ студенттеріне үлкен мақтаныш болмақ. Олар майданға кеткенде жастары жиырмаға толмаған нағыз батырлар, ержүрек жігіттер мен қыздар білім алған оқу орнында білім алуда. Сонымен бірге, бүгінгі күнде медицина студенттеріне сол алапат соғыстың батырларымен тікелей жүздесу, қатынасу мүмкіндігі бұйырып отыр.
Дәстүрлі гүл шоқтарын қою рәсімі және естелік сөздерден соң болашақ дәрігерлер, оқытушылар, университет әкімшілігі мерекенің салатанатты бөліміне қатысты. «Мәңгілік ел» алаңында үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында әскери кафедра курсанттарының шеруі және әскери оркестрдің өнері көрсетілді. Сондай-ақ, ҚазҰМУ студенттерінің театралдық-музыкалық композициясы қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Қойылым көпшіліктің көзіне жас келтіріп, ерекше әсер берді.
Мерекелік кеште дәстүр бойынша әскери-далалық асханадан ботқа әзірленіп, келушілерге сарбаз асының дәмін тату ұсынылды. Және де әскери-медициналық техника көрмесі өтті.
ҚазҰМУ-дың Баспасөз қызметі