Жазушы Жан Акжановпен өткен кездесу – «Адалдық пен мейірімділік жолында»
Ағымдағы 2021 жылдың, 26 қаңтар күні С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің төменгі курс студенттерімен қазақстандық жас жазушы Жан Акжановпен онлайн кездесу өтті. Кездесудің басында университетіміздің Корпоративтік даму жөніндегі проректоры У.М.Датхаев жазушыға университет әкімшілігі атынан рахметін айтып, шығармашылық өсу тілей келе, іс-шараның ойдағыдай өтуіне өз тілегін білдірді.
Ж.Акжанов бүгінгі күні өмірде, қоғамда болып жатқан әртүрлі әлеуметтік тақырыптарды, оқиғаларды қамтып өз көркем шығармасына арқау етіп жүрген жазушы. Қаламгердің көркем шығармасының арқауында туған жерге деген сүйіспеншілік, әлеуметтік бағыттар, өмірлік жағдайлар, адамгершілік құндылықтары, жемқорлықпен күресу, парасаттылық пен адалдық қағидаттары, өткен күннің тарихына құрмет көрсету, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі, жалпы рухани байлықтың адам өмірінде шешуші рөль атқаратынын жан-жақты қамтиды.
Дөңгеленген дүниеде бар жасаған жақсылы – жаман істер жан баласына қайта айналып келіп отыратынын әрқашанда жадында сақтау. Ертең мені не күтіп тұр екен,- деп бүгін ойлап, соның қамын алдын-ала жасау, дұрыс нәтижесін көру үшін жоспарлау керектігі айтылды.
Жазушы медицина тақырыбы қамтылған «Путь врача», «Опасный вирус», «Медсестра» кітаптарына жеке-жеке тоқталып айтып өтті. Айтылған ойларында осы шығармалары арқылы оқырманға ой тастау, өмірде ақ пен қараның кезек жүретіндігін еске салу, оқиға желісінен адам өзіне қажетін алуға септігін тигізу. Сондай-ақ, түрлі әлеуметтік жағдайлардың қоғам, адам өмірінде ең белді орын алатынын, әр нәрсенің өз себебі болатындықтан әлеуметтік теңсіздіктерден мәселелердің дұрыс шешімін таба алмай жатқандығын тілге тиек етті. Қаншама шешілмей жатқан, әлі де дұрыс шешілуді, толықтыруды қажет ететін мәселелер, жағдайлар баршылық.
Медицина мамандығын таңдауда жастар ерте бастан ойлануын, адам өмірін сақтауда үлкен жауапкершілікті мойнына алып тұрғанын сезіну.
Ол сол жауапкершілікті алып жүре ала ма, жоқ па соны саралау арқылы дұрыс шешім қабылдау. Дәрігер, медбикелердің жұмысы әскери қызметтен де жауапкершілігі үлкен. Өйткені ол әр секунд, минут, сағат сайын адамдардың өміріне тоқтаусыз жауап беріп, батыл шешім қабылдайды. Ол күн, түн, мейрам екен деп уақыт таңдамайды. Қай уақыт мезгілі болсын адам өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда дәрігер өз көмегін көрсетеді. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болып жатады, емдеуші дәрігерлер мен адамдар арасында бір-біріне кінә артып жататын оқиғалар да кездеседі. Бәрі ойдағыдай, бәрі дұрыс деп айтуға келмейді. Енді басқа салаға, мамандарға қарағанда шұғыл көмекті, шұғыл шешімді қабылдайтын әрине дәрігерлер, бір-екі минуттың өзі адам өмірін сақтап қалады. Енді бұл жерде басқа маман асықпай шешім қабылдасын деуден мүлдем аулақпыз. Барлық сала да, маман өмірде, қоғамда қажет, адам күні адаммен. Өкінішке орай, жемқорлықтан қоғам әлі арылмай келе жатыр. Ол үлкен дерттің бірі болып қалып отыр. Әрине жемқорлыққа қарсы күрес жүргізілуде, оған да түрлі себептер айтылады, төмен тұрмыстық жағдай, әлеуметтік теңсіздіктер, жетіспеушіліктер де әсерін тигізуде.
Кездесу соңында студенттер тарапынан әртүрлі сұрақтар қойылды. Сол сұрақтың бірінде Қазақстанда білім алғаннан көрі шет елде білім алған дұрыс сияқты, біздерде білім беру Ресейге, басқа да шет елдерге қарағанда сәл төмен?-деді. Бұл сұраққа жазушы, мәселе қай елде білім алу емес, адамның өз сана-сезімінің жоғарылығы, білуге, білімге деген құштарлығы басым, ынтасы болу керек. Біздің елде білім беру еш мемлекеттен кем емес, артықшылық жерлері де бар. Елімізде білім алып, ары қарай шет елге барып жетілдіруге, басқа ортамен танысуға болады, қазір қарап отырсаңыздар мүмкіншілік өте көп, қажетті ақпарат жеткілікті, интернетке кірсеңіз бар керек сұрағыңызға жауап ала аласыз. Өзіңіздің біліміңізді жан-жақты ұлғайта аласыз. Сол алған білімді өз елімізге жұмсау, барынша қызмет ету. Сондай-ақ кітапқа деген құштарлықты арттыру, қолға алып оқу, қуатын сезіну керектігі айтылды. Іс-шара барысында студенттер тарапынан басқа да көптеген сұрақтар қойылды, барлық сұрақтарға мүмкіндігінше жауап берілді. Кездесу соңында оқу орнымыздың Жастар саясаты басқармасының басшысы Е.Асқаров пікір алмасудың ойдағыдай өтіп, жастарға ой салатын тәрбиелік мәні бар мағлұматтары үшін университет ұжымы атынан рахмет лебізін білдірді.
Өз тарапымнан ой өрбіте кетсем, жалпы осындай басқосулар, кездесулердің пайдасы өте зор. Бүгінде адамдардың бір-бірімен пікір алысуы, араласуы бұрынғыға қарағанда азайып кеткені бәрімізге мәлім. Адамдардың қолында, алданышы телефон. Жалпы сөйлесу, жай ғана әңгімелесу, баламен де шүйіркелесіп, тілін қызықтау азайып бара жатыр. Барлығы ақырын ғана кнопкамен ғана шешіліп, соған қарай ауысуда, алмастырулар жүруде. Мұның барлығы болашақта адамдарды жабығуға, дағдарысқа, жатырқаулыққа әкелуі әбден мүмкін. Үйдегі кішкентай сәбиге дейін есі кірісімен телефонды бере қойсаңыз жылағанын лезде қойып уанады. Қанша дегенмен адамдар бір-бірімен күнделікті араласуды, сөйлесуді, жылы сөзді ауадай қажет етеді, бірақ соны іштей білсе де сырт келбетімен ыңғай танытқысы келмейді. Қоғамдағы дерттің бірі сен тимесең мен тимен деген немқұрайлылық көбеюуде. Біз бұдан да былай араласуды, кездесуді, пікір алмасуды азайта берсек көп құндылықтарымызды жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Ол айтылмаса, ұрпақтан ұрпаққа берілмесе, әрине бір күні жоғалуға көлеңкеде қалып кетуге әкеледі. Біздер өзіміздің салт-дәстүрімізден, араласудан үнемі бір-бірімізден жылы қуат алып отыруымыз керек. Осы ұлттық құндылықтарды ата-бабаларымыз біздерге әрі қарай алып жүру үшін тастап кеткен, біздер де келер ұрпаққа жоғалмаған қалпында қайта одан әрі құндылықтармен толықтырып беріп отыруымыз қажет. Сонда ғана біздер білім, ғылым, өнер, ақпарат, мәдениетпен жарысқан заманда көштен қалмайтын боламыз.
Бізден де кейін келер ұрпақ бар екен-ау,- деген сәуле сөнбеуі тиіс. Ақырындап тарихын түгендеп, өзіне тиесілі болмаса да күш көрсетіп, таласып та жатқан дүние де бой алдыруда. Мынау менікі, мынау сенікі деп анықтап отырмасаң барыңнан айрылып қалу ғажап емес. Енді осы айтылған ойлардың барлығынан нәтиже алып отыру, ол әрқайсымыздың парызымыз. Өмірдің өзі жарыс, бәсеке. Сол дода жарысында бірінші болуға ұмтылу. Бізде үлкен ел ретінде бәрі бар. Шүкіршілік етіп, қанағатты ойлап, таразының екі басын тең ұстап, санаға қарай дұрыс бағыттасаңыз адаспайтын сияқтымыз.