«Жазығым не менің, мама?!»
2016 жылдың25 ақпан күні сағат 16.00-де ҚазҰМУ-нің «Concordia» театрында студенттердің әлеуметтік-мәдени құзыретін дамыту Департаментінің ұйымдастыруымен «ҚазҰМУ түлегінің тұлға ретіндегі қалыптасу моделін» жүзеге асыру мақсатында және «Театр маусымы» бағдарламасы бойыншакезекті қойылымның көрсетілуіне орай, «Алматы-Music» театрының «Жазығым не менің, мама?» аттықойылымы көрсетілді.
«Алматы-Music» театры «Жазығым не менің, мама?» атты драмалық мюзиклын студенттеріміздің назарына ұсынып, жанры «сахналық катарсис» деп белгіленген бұл драмалық мюзиклдың көтерген мәселесі қазіргі замандағы ең өзекті тақырыптардың бірі – балалар өміріндегі қиындықтар. Қойылымның балалар алдындағы ата-ана жауапкершілігінің қаншалықты маңызды екенін ашуға жасаған талпыныс өте сәтті шешімін тапқан. Бірнеше монологтан құралып, әр монолог әнмен қоса өріліп отыратын бұл сахналық туынды біртұтас дүниеге айналған. Әр монолог сайын балалар өміріндегі қасірет дәптерінің бір беті ашылып, адам баласының қолымен жасалатын қатыгездіктің шегі жоқтай көрінеді.
«Жазығым не менің, мама?» қойылымы балалар өміріндегі шырғалаңдарды көз алдымызға айқын елестететін әлденеше ситуациялардан құралған.Тың пішіндегі жаңа қойылымды өмірге әкелген театрдың бұл драмалық-мюзиклі біз білмейтін сәби-дүние қасіреттерін көз алдымызға әкелу арқылы үнемі біздің назарымызда болуы тиіс мәселені қоғам талқысына ұсынып отыр.