Жалпы медицина-2 мектебі бойынша 504 бакалаврға диплом табысталды
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Жалпы медицина-2 мектебі бакалавриат бағдарламасының түлектеріне арналған салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті. Биыл оқу орнын 504 түлек аяқтады. Олардың ішінде 486-сы — Қазақстан азаматтары, ал 18-і Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Қытай және Моңғолия сияқты шет елдерден келген студенттер.
504 түлектің 20-сы үздік дипломға ие болса, 3 түлек «Үздік түлек – 2025» номинациясымен марапатталды. Бұл – олардың тынымсыз еңбегі мен кәсіби кемелдікке ұмтылысының нәтижесі.
— Сіздер білім алуға қабілетті екендеріңізді, дәрігер жолында кездесетін сынақтарға төтеп бере алатыныңызды дәлелдедіңіздер. Сіздер теориялық білім мен кәсіби машықтарды меңгерудің маңызды кезеңдерінен өттіңіздер. Қолдарыңызға алатын диплом — медицина әлеміне ашылған жол және тәжірибеге апаратын алғашқы қадам, — деді ректор Марат Шоранов өз сөзінде.
Биыл С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті еліміздің медицина элитасын даярлап келе жатқанына 95 жыл толуын атап өтуде. Университеттің еліміздегі жетекші медициналық жоғары оқу орны мәртебесін беделді рейтингтер де дәлелдейді.
QS Asia өңірлік рейтингінде ҚазҰМУ Азия университеттері арасында ТОП-350 қатарына енсе, Webometrics деректері бойынша Қазақстандағы үздік 5 ЖОО қатарында және цифрлық көрсеткіштер жағынан тұрақты өсімді көрсетуде.
2025 жылғы «Атамекен» ұлттық білім беру бағдарламалары рейтингінде университет «Медицина», «Стоматология», «Мейіргер ісі» және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағдарламалары бойынша алғашқы орындарды иеленді.
Ad Scientific Index рейтингінде ҚазҰМУ Қазақстан бойынша 5-орынды, Азияда 1417-орынды иеленіп, әлемдегі ең үздік 4000 университет қатарына енді. Бұл – университет ғалымдарының ғылыми жарияланым белсенділігі мен дәйексөз санының жоғары екенін көрсетеді.
ҚазҰМУ жетістігінің негізінде академиялық сабақтастық, заманауи инфрақұрылым және қуатты клиникалық байланыстар жатыр. Университет 95 жылдық дәстүрін инновациялық оқыту әдістерімен ұштастыра отырып, студенттерге 167 клиникалық базаға қолжетімділік, елдегі ең ірі симуляциялық орталық, цифрлық медицина бағдарламалары мен халықаралық серіктестіктерді ұсынып келеді. Ғылыми жарияланым белсенділігінің жоғары болуы, халықаралық мойындалуы және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз әріптестік байланыс ҚазҰМУ-дың медициналық білім беру саласындағы көшбасшылық орнын нығайтып отыр.