Жалынды жастардың жәрдемі
Бірнеше айдан бері ақ халатты абзал жандар тәжтажалға қарсы аянбай күресіп келеді. Олардың қатарында болашақ дәрігерлер де бар. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жоғары курс студенттері пандемияның алғашқы күнінен бастап-ақ көмекке келді. Болашақ мамандығына адалдық танытып, қатерге бас тікті. Jas qazaq тілшісі індетпен күресіп жатқан жандардың бірнешеуіне жолығып, тілдесіп қайтты.
Айбек ЕРМЕКБАЙ, хирургия бөлімінің резиденті: ВИРУСТЫҢ БӘСЕҢДЕГЕНІ БАЙҚАЛАДЫ
«Дәрігер боламын деген ой 10-сынып оқып жүргенімде келді. Сол кезде ангинам қатты асқынып, дәрігерге жүгінгенім бар. Ақ халатты жандардың емдеу тәсілі мен ісәрекеттері қатты қызықтырды. Содан химия мен биология пәнін тереңірек оқып, ҰБТ-ға медицина саласы бойынша дайындалдым. Арманым орындалып, медицина университетіне оқуға түстім. 5-курстан бастап Орталық қалалық клиникалық ауруханасының жедел ота жасау бөлімінде мейіргер болып жұмыс істеймін. Бұл індетпен мен де ауырдым. Бәріңіз білесіздер, мамыр айында біздің аурухананың қызметкерлері жаппай коронавирус жұқтырды. Алғашында жұқпалы аурулар клиникасында, одан кейін провизорлық орталықта емделдім. Бастапқыда қиын болды. Бұл індет емделе ме, жоқ па, бізге бұл жағы беймәлім болды. Бірақ ата-анамның, әріптестерім мен достардың қолдауымен бұл індетті жеңіп шықтым. Жаппай вирус таралғаннан кейін біздің орталықтың атауын көпсалалы инфекциялық стационар деп өзгертті. Сол күннен бастап коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істеп келемін. Ең алдымен қорғаныш костюмін киеміз. Барлық сақтық шараларын орындап, содан кейін жұмысқа кірісеміз. Біз қазір жедел жәрдеммен келген науқастарды қабылдаймыз. Ең алдымен анализ алынып, томографияға түсіріп, қажет жағдайда операциялық блокқа жатқызамыз.
Операциялық блокта хирургтың көмекшісі қызметін атқарып, ота жасауға көмектесемін. Қазір вирустың бәсеңдегені байқалады. Менің ойымша, біздің билік пен денсаулық сақтау министрлігі дер кезінде дұрыс шешім қабылдады. Бірақ вирустың барынша азаюы негізінен тұрғындарға да байланысты. Карантин ережелерін қатаң сақтауымыз керек. Әлеуметтік арақашықтық та сақталу керек. Біздің дәрігерлер білікті әрі тәжірибелі. Қазір қорқыныш сезімі байқалмайды. Мен дәрігер мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Бұл менің мақсатым. Дертінен айығып, ауруханадан жүзі балбұл жанып шығып бара жатқан адамдарды көргенде – барлық қиындық артта қалады».
Сұңғат ӨТЕГЕН, хирургия бөлімінің резиденті: АНАМДЫ ЕМДЕП АЛДЫМ!
«Дәрігер болу менің бала күнгі арманым. ҚазҰМУ әлемдегі ең мықты оқу орнының бірі дер едім. Білікті ұстаздардың арқасында жақсы білім алдым. Пандемияға дейін Іле аудандық орталық ауруханасында тәжірибеден өтіп жүрген едім. Елімізде карантин жарияланған күннен бастап Алматыдағы №4 қалалық ауруханада кезекші терапевт болып осындағы дәрігерлерге көмектесемін. Бастапқыда университет ректоры Талғат Нұрғожинның қолдауымен шетелден келген отандастарды қабылдауға атсалыстық. Оларды күтіп алып, жатақханаларға орналастырып, сараптама алдық. Індет жұқтырғандардың сауығуына көмектесіп, бар күшімізді аямадық.
Өзім де жеңіл түрімен ауырдым. Жазылған соң қатарға қайта қосылдым. Алғашында бұл індетпен анам ауырды. Сол кезде қатты қамықтым. Анам ауырғанда ұстазым Ұлан Қанатқанұлы қолдау көрсетті. Екі апта бойы анама үйге барып система салып жүрдім. Анамнан кейін әжем ауырды. әжем ауырған кезде ештеңеден қорықпай тиісті ем-домды өзім жасадым. Екеуі де дертті жеңіп шықты. Жақындарымның емделуіне көмектесе алғаныма қатты қуандым. Бұрын туыстарым ем іздеп келсе, әріптестеріме жіберетінмін. Қазір еш кедергісіз емдей аламын».
Бердібек АҒАБЕК, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығының 5-курс студенті: КАРАНТИН ЕРЕЖЕЛЕРІН ҚАТАҢ САҚТАУҒА ШАҚЫРАМЫН
«Дәрігер мамандығын әкемнің қалауы бойынша таңдадым. Ол менің медицина маманы болғанымды қалады. Сондықтан да осы оқу ордасын таңдадым. Таңдауыма еш өкінбеймін. Білікті ұстаздардан тәрбие алып, қаламыздағы емханалардан мол тәжірибе жинақтадым. Наурыз айының ортасынан бастап №7 қалалық ауруханасында волонтермейіргер болып жұмыс істедім. Біз дәрігерлерге көмектесіп, шетелден келген азаматтарымызды қабылдадық. 1 маусымнан бастап И.С.Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында мейіргер болып жұмыс істеймін. Біз қорғаныш киімдерімен 100 пайыз қамтылдық. Қазір біздің міндетіміз емделушілерге пневмонияға қарсы массаж жасау, екпе мен система салу. Ауыр костюммен жұмыс істеу қиын. Қиын болса да өз міндетімізді атқарып жүрміз. Менің басты мақсатым – ем іздеп келген әрбір жанға көмектесу. Мен баршаңызды карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Барлығы өз қолымызда».
Толығырақ: https://jasqazaq.kz/wp-content/uploads/2020/08/pdf-29-2020.pdf