«Жаныңда жүр жақсы адам!»
21.11.2022 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ғылыми кітапханасында ҚР ДСМ жанындағы Терминологиялық комиссияның және С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Терминологиялық комиссиясының төрағасы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», А. Байтұрсынұлы атындағы «Саңылақ автор» төсбелгісінің, Денсаулық сақтау Министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісінің, А. Байтұрсынұлы атындағы «Алтын медальдің» және С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Алтын медалінің» иегері Ахметов Жауғашты Байназарұлымен «Жаныңда жүр жақсы адам!» атты кездесу өтті. Кездесуді университет Ғылыми кітапханасы, Анықтама-библиография бөлімінің меңгерушісі С.А. Елеукенова, кітапханашылар Н.Омарова, Ж.Аубакирова және Тілдік пәндер кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаев пен лекторлары Ұ.А.Ботатаева, М.Е.Тойғанбекова ұйымдастырды.
С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ҚР тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған: «Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн»,– деген бастамасын жүзеге асыруды жалғастыруда. Осы бағдарлама аясында университетте медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына зор үлес қосып жүрген ғалымдарымыздың бірі де бірегейі Ахметов Жауғашты Байназарұлымен болашақ дәрігерлерді таныстыру – кездесудің басты мақсаты болды.
Кездесу шымылдығын ашқан университеттің Ғылыми кітапханасының жетекшісі Н.Ә. Модовов Ж.Б. Ахметовтың медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына қосқан үлесіне қысқаша шолу жасай келе, бүгінгі кештің аса маңызды екенін атап өтті.
Жауғашты Байназарұлының өмірі мен ғылыми жолы туралы стоматология мектебі 22-025 тобының студенті Әлжанова Әйгерім «Медицина ғылымын өрге тартқан!» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол ғалымның ғылыми еңбектеріне кеңінен тоқталып, оның медицна ғылымының қазақ тілінде дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Ақын Төреғали Тәшеновтың Жауғашты Байназарұлына арнап шығарған «Жетпісте де жігіттей Жауғашты аға» атты өлеңін педиатрия факультеті 1 курс студенті Тұрсынбай Дәурен мәнеріне келтіріп оқыды.
Кездесу негізінен Жауғашты Байназарұлының «Өмір. Өлім. Өмір» атты кітабы туралы болды. Жауғашты Байназарұлы – қылышынан қан тамған Кеңес Өкіметінің атеистік жүйесінде білім алса да, тілін, салт-дәстүрін, дінін ең бірінші орынға қойған адам. Жауғашты Байназарұлы кітаптың жазылуына түрткі болған жайларға тоқтала келіп, біздің медицинамыздағы ең үлкен кемшілік адам жанына емес, талдамалардың нәтижелеріне және медициналық аппараттардың көрсеткіштеріне баса назар аударуымызда деді. Ғалымның бұл пікірі ақиық ақын М.Мақатаевтың: «Өлгендерді тірілтем деп ойлаған, денесінен жан ізде өліктің де»,– дегенімен үндесіп жатыр.
Студенттер кітап бойынша сұрақтарын дайындағанша Педиатрия мектебі 22-003 тобының студенті Батықова Айгүл Құрманғазының күйі «Адайды» екпіндете орындап берді.
Студенттер кітапты оқығанда өздерін толғандырған мәселелер туралы сұрақтарын қойды. Жауғашты Байназарұлы олардың сұрақтарына нақты мысалдар келтіре отырып жауап берді.
Кездесу соңында Тілдік пәндер кафедрасының доценті Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы кеш қонақтарының құрметіне С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» деген әнін орындап берді. Бұдан кейін Педиатрия мектебі 22-003 тобының студенттері «Армандастар» әнін орындады.
Кездесуді қорытындылаған С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Ж.А. Байғараев бүгінгі кездесудің тәрбиелік мәні жоғары екендігін атап өтіп, кездесуге белсене ат салысқан студенттерді «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Университет Ғылыми кітапханасы,
Анықтама-библиография бөлімінің меңгерушісі С.А. Елеукенова