«Жарылыстан көз ашпаған далам-ай» атты әдеби-танымдық кеш өтті
11.05.2018 жылы «Ғылыми кітапханада» қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаевтың, аға оқытушысы Қ.Б. Бураханованың, оқытушысы А.С.Бураханованың және кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Жарылыстан көз ашпаған далам-ай» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Кештің мақсаты – Семей полигонында жасалған атом бомбасы сынақтарының тигізген зардаптарымен бүгінгі ұрпақты таныс ету және ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан Республикасының бейбітшілік сүйгіш саясатын насихаттау.
Кеште Семей ядролық полигоны туралы бейнефильм көрсетілді, жалпы медцина факультеті, 1-курс 17-027 тобының студенті Темірбекова Гүлназ полигон зардаптары мен оның қазақ халқына әкелген қасіреті туралы тартымды баяндама жасады.
Полигон қасіреті туралы сыр шертетін, Ақын Ұлықбек Есдәулетовтың сөзіне жазылған Төлеген Мұхамедженовтың «Заман-ай» әнін педиатрия факультеті 17-008 тобының студенті Қайратова Алтынай орындады. Жалпы медицина факультеті 17-026-тобының студенті Саметова Нилуфар мен жалпы медицина факультеті 17-027 топ студенті Каменова Лаура полигон туралы өлең оқыса, осы факультеттің 17-029 тобының студенті Өтеулиев Жәнібек Құрманғазының күйі «Адайды» орындап тыңдаушыларды бір серпілтіп тастады.
Орыстың ұлы жазушы Л.Толстой туған «Ясная поляна» орыс халқы үшін қандай қымбат болса, Ұлы Абай дүниеге келген Семей жері де – қазақ халқы үшін қасиетті мекен. Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай дарынды композитор болғанын студенттер қауымы жақсы біледі. Абайдың әндері бойынша викторина ойналып, студенттер арасында сайыс та өтті. Абайдың «Татьянаның хаты», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң», «Қараңғы түнде тау қалғып» сияқты әндері жеткілікті дәрежеде насихатталмай жүргені анық. Бұл викторинаның мақсаты – бүгінгі жастарды Абайдың осы әндерімен таныс ету болды. Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» атты әнінің бір нұсқасын кафедра доценті Т.Қ.Зайсанбаев орындап берді. Жалпы медцина факультеті, 1-курс, 17-027 тобының студенті Темірбекова Гүлназ Абайдың қара сөзін жатқа, мәнеріне келтіріп оқыды.
Кеш қонағы Халықаралық бизнес университеті, Тілдер орталығының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әбутәліп Орынғазы Мұратұлы Семей өңірінде дүниеге келген ұлы тұлғалар – Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінің бүгінгі рухани жаңғыру кезеңіндегі маңызына жақ-жақты тоқталды. Ол С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» атты әнін нақышына келтіріп орындап берді.
Кештің өтуіне университет кітапханасының анықтама-библиография бөлімінің меңгерушісі Елеукенова Салтанат Ахмедуллақызы мен кітапханашы Омарова Нұргүл Сәдуақасқызы ерекше атсалысты. Олар Семей ядролық полиганының зардаптарын көрсететін көптеген фотосуреттер мен әр түрлі материалдарды студенттер назарына ұсынды.
Кешті жүргізген жалпы медицина факультеті 17-027 топ студенттері Темірбекова Гүлназ бен Камалов Елдостың еңбектері де ерен болды.
Жоғары деңгейде өткен кештің тәрбиелік мәні зор болды.