Жасанды ұрықтандыру арқылы туған балалар бедеу болмайды – профессор
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы туған балалар ұрпақ сүю бақытынан қалыс қалмайды.
Бұл туралы Санжар Асфендиаров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің ұжымымен кездесу барысында Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, медицина ғылымдарының докторы Вячеслав Локшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Профессор репродуктивті медицина саласындағы жетістіктермен бөлісіп, экстракорпоралды ұрықтандыру саласындағы жалған қауесеттерді жоққа шығарды.
Әлемдік статистикаға сүйенсек, отбасылық жұптардың 10-15 пайызы бала сүю мүмкіндігінен қағылған.
Көбінесе оған кеш үйлену себеп болып жатыр. Осы орайда экстракорпоралды ұрықтандыру мәселесі өзекті болып келеді. Ғалымдар қазір эмбрионның сапасын адамнан да нақты анықтап беретін жасанды интеллект иесін, яғни робот ойлап тапты.
2017 жылдың мамырында ғалымдар бедеу тышқандарға аналық жұмыртқаларды 3D форматта басып шығарып, соның арқасында тышқандар төлдеген.
Чикаго Солтүстік-Батыс университетінің ғалымдары жасанды аналық жұмырта жасап шығарды. Бұл жұмырта репродуктивті жүйені толық қалпына келтіруге мүмкіндік бермек.
Ал профессор Шухрат Миталипов 2017 жылы адам эмбрионын бірінші рет редакциялап шығарды. Вячеслав Локшин бұл технологиялар ары қарай дамитынын айтты. Ендігі жерде ғылымның алдындағы белгісіздік емес, заң және этика саласының сауалдар өзекті болмақ.
Оның айтуынша Қазақстанда 2019 жылы ЭКҰ бойынша 9000 бағдарлама жасалған. Клиенттердің 11 пайызы әлемнің 38 елінен келген. Әлемде 8 млн бала ЭКҰ арқылы туған.
«Қазақстанда ЭКҰ бағдарламасы – АҚШ-тан 7-8 есе, Еуропадан – 5 есе, Ресейден 2 есе арзан. Қазақстанда жыл сайын 2200 аса бала ЭКҰ арқылы туады. 1996 жылдан 2019 жылға дейін 19 мың бала дүние есігін ашқан. ЭКҰ сәтті болуы үшін 3-4 рет жасалғаны дұрыс. Себебі жүктілік болу ықтималдығы 40 пайыз болады. Жас үлкейген сайын бұл пайыз азаяды. Былтыр біздің емханада 47 жастағы әйел босанды. Көпшілігіміз жүктілік боларына сенбедік. Максимум 35-36 жасқа дейін әйелдер өз аналық ұрығын сақтап қоя алады», – деді профессор.
Оның айтуынша, ЭКҰ арқылы туған балалар өздері перзент сүйе алмайды деген қауесет жалған екендігін айтты. Егер баланың ата-анасы жатыр түтіктерінің бітеулігінен, қабыну процестерінің кесірінен балалы бола алмай ЭКҰ-ға жүгінсе, онда одан туған балаларда перзент сүюден проблема болмайды. Әлемде жасанды ұрықтандырумен туған 15-20 мың бала өздері балалы болып отыр.
Толығырақ: https://www.inform.kz/kz/zhasandy-uryktandyru-arkyly-tugan-balalar-bedeu-bolmaydy-professor_a3609710