Жаңа Зеландиядан келген сарапшы COVID-19 күресудің тәжірибесі туралы айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті өткізген онлайн конференция барысында шетелдік мамандар коронавируспен күресте жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында Жаңа Зеландияның Веллингтон қаласындағы Отаго университетінің профессоры Майкл Бейкер COVID-19 бен күресте бірінші медициналық-санитарлық көмек жүйесі қалай ұйымдастырылғанын айтып берді.
Оның айтуынша, пандемияның дамуы түрлі сценарийлерге байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан, әр елдің денсаулық сақтау жүйесінде түрлі жағдайға дайындық жасалуы керек.
Пандемия бастала салған кезде Жаңа Зеландия мамандары адам өлімі 0,3 пайыз болады деп жоспарлаған.
«Бұл тұмаудан бірнеше есе қауіпті вирус екені басынан-ақ байқалды. Қаңтарда жаһандық пандемия болатыны анық болды. Ақпанда Қытайдың мәліметтерін талдай келе пандемияны ауыздықтауға болатынын түсіндік. Наурыз айында вирус Жаңа Зеландияға да келе бастады. Ел билігі ресурстардың шектеулі болуына байланысты, тестілердің жетіспейтінін түсінген соң локдаун туралы шешім қабылдады. Бұл жұқтыру тізбегін үзу үшін керек болды. Ақпан наурызда ғалымдар арнайы стратегия құрды. Құжатқа сәйкес коронавирустың 19 ықтимал жағдайында локдаун жариялау қолға алынды», – деді Бейкер.
Оның айтуынша, туристік ел болып саналатын Жаңа Зеландияға келушілердің саны тәуліне 15 мыңнан 500-ге дейін азайған. Тіпті ешкім келмеген, ешкім шықпаған күндер де болған. Бұл – елдің тарихында болмаған жағдай.
5 млн халық арасында тәулігіне 20 мың адамға дейін тест тапсырған. Бұл да ел тарихында бірінші рет болған жағдай.
«Барлық халық 7 апта үйінде отырды. Бұл шараның арқасында елде вирус жойылды. Жаңа Зеландия – вирустан таза елге айналды. 5 млн адамның ішінде 29 адам вирустан көз жұмды.
Локдаун кезінде өлім жітім көрсеткіші, мен тұмау тию оқиғадары тіркелген жоқ», – деді сарапшы. Локдаун кезінде елде экономикада қысқарту, оңтайландыру қолға алынған. Алайда жұмыс орындарын қысқарту тіркелмеді.
Жақында ел экономикасы бұрынғы әлеуетіне қайта оралады деп болжанып оытр.
Айта кету керек, ғылыми конференция академик, ғалым Қазақстан Тағамтану институтының президенті Төрегелді Шармановтың 90 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылды.