ЖОЛДАУҒА — ҚОЛДАУ. Басты міндет —бәсекеге қабілетті маман даярлау
Елбасымыз Н.Назарбаевтың жаңа «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы еліміздегі әрбір саланың алдында тұрған басты міндеттер мен мақсаттарды тағы да айқын және нақты белгілеп берді. Он кезеңнен тұратын Жолдаудағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші кезеңде айтылған «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» бағыты арқылы Президентіміз денсаулық сақтау саласында қызмет атқаратын және жоғары медициналық оқу орындарына уақыт талабына сай мамандар даярлау бағытында үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Білікті де білгір мамандар мен өз кәсібінің шеберлері қай кезде болсын, үлкен сұранысқа ие екендігі даусыз. Бұл бағытта еліміздегі жоғары медициналық оқу орындарының қара шаңырағы болып саналатын С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде қазіргі таңда жаңа бағыттармен білім берудің халықаралық стандарттарына сай жүйелер қолданысқа еніп, жаңа заманның жаңа талаптарына лайықты мамандар даярлау ісі қолға алынуда. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Н.Назарбаев Университетінің медициналық мектебінің тәжірибелеріне сүйене отырып, университеттегі барлық факультеттер мектептерге біріктіріліп, университет клиникасының жұмысын жандандыру, студенттердің білім мен тәжірибені қатар алып жүрулеріне қажетті жағдайлар жасау қолға алынуда. Сондай-ақ, оқу орнында үштілділік тұғырнамаға айрықша мән беріліп, латын тілін тек медицина тілі ретінде ғана емес, қолданыс тілі ретінде оқыту мәселелері талқылануда. Осы Жолдауда айтылған «Халық денсаулығын және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жаңа редакциясын жасау жөніндегі ұсынысты толық қолдаймыз. Денсаулық туралы заңның да заман талабына сай болғаны абзал.
Талғат НҰРҒОЖИН,
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор.
http://almaty-akshamy.kz/demo/%D0%B6%D0%BE%D0%BB%D0%B4%D0%B0%D1%83%D2%93%D0%B0-%D2%9B%D0%BE%D0%BB%D0%B4%D0%B0%D1%83/