Инсульттан кейінгі афазия: нейропластикалық үдерістерден клиникалық табысқа дейін
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасы университетіміздің 95 жылдығына орай практикалық денсаулық сақтау мамандарына арналған білім беру іс-шараларының сериясын жалғастыруда.
22, 27 қараша және 5 желтоқсан күндері Астана, Семей, Алматы және Ақтөбе қалаларының дәрігерлері мен резиденттері үшін ҚР ересек халқына көрсетілетін медициналық неврологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында практикалық денсаулық сақтау мамандарын каскадтық оқыту әдісі бойынша білім беру семинарлары өткізілді. «Инсульттан кейінгі афазия: нейропластикалық үдерістерден клиникалық табысқа дейін» атты білім беру семинары неврология, логопедия, нейропсихология және реабилитация саласының мамандарын біріктірді. Іс-шараның мақсаты — инсульттан кейінгі сөйлеуді қалпына келтірудің қазіргі заманғы тәсілдерін талқылау, нейропластикалық механизмдер мен терапевтік мүмкіндіктер туралы жаңа білімді практикаға енгізу.
Семинардың негізгі тақырыптары:
Қатысушылар ми зақымданғаннан кейін оның қайта ұйымдасуы және сөйлеу функцияларын тиімді қалпына келтіруге ықпал ететін жағдайлар туралы қазіргі ғылыми деректермен танысты. Бағдарлама аясында келесі мәселелер қарастырылды:
- нейропластика және оның инсульттан кейінгі афазияны реабилитациялаудағы рөлі;
- логопедиялық терапияның заманауи әдістері, соның ішінде интенсивті бағдарламалар, мелодикалық интонациялық терапия, фонологиялық және семантикалық тәсілдер;
- терапевтік әсерді күшейту құралы ретінде инвазивті емес нейромодуляция (ТМС, tDCS);
- қолжетімділік пен тұрақтылықты арттыратын цифрлық технологиялар және телереабилитация;
- пациенттерді жүргізудің мультидисциплинарлық тәсілі.
Практикалық бөлімдер.
Практикалық көрсетілімдер мен клиникалық мысалдар ерекше қызығушылық тудырды. Мамандар афазияның әртүрлі түрлеріндегі пациенттерді жүргізу алгоритмдерін талқылап, реабилитациядағы жиі кездесетін қателерді талдап, әртүрлі терапевтік стратегиялардың тиімділігін бағалады.
Семинарларды С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі, ҚР ДСМ-нің бас неврологы Туруспекова С.Т. жүргізді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар материалдың жоғары практикалық маңызын атап өтіп, алған білімдерін күнделікті клиникалық практикаға енгізуге дайын екендіктерін білдірді.
Семинар тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналып, нейропластика бойынша фундаменталды білім мен заманауи реабилитациялық технологиялардың үйлесімі инсульттан кейінгі афазиясы бар пациенттерде нақты клиникалық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін көрсетті.









