Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Ұлттық аккредиттеудің жоғары санатын қайта растады
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты 3 жылдан кейін Ұлттық аккредиттеудің жоғары санатын тағы да растай отырып, қызметін қайта бағалаудан өтті.
С.Қайырбекова ат.Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының сараптамалық тобы 2024 жылғы 7-9 қазан аралығында Институтта сыртқы кешенді бағалау жүргізді.
«Осы жылдың шілде айында институт халықаралық стандарттарға сәйкестігін растады және JCI қайта аккредиттеу рәсімінен өтті. Ал қазан айында Ұлттық аккредиттеу біздің клиниканың халыққа тиімді және қауіпсіз медициналық қызмет көрсетудің жоғары деңгейін растады. Алғаш рет ұлттық аккредиттеудің жоғары санаты институтқа 2021 жылы берілді. Сапа критерийлері мен ұлттық стандарттарға сәйкестігі, қызметкерлердің жоғары кәсібилігі бізге жоғары санатты тағы да растауға мүмкіндік берді», – дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Ұлттық стандарттар бойынша: стратегиялық және кешенді жоспарлау, пациенттерді емдеу және күту, пациенттердің, ғимараттың қауіпсіздігі, инфекциялық бақылау, пациенттердің құқықтары мен этикалық нормаларды сақтау, сапаны, тәуекелдерді, қаржыны, адами ресурстарды, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды басқару, еңбекті қорғау, жұмыс орнындағы қауіпсіздік және т. б. бағаланды.
Клиниканың бірінші басшысы атап өткендей: «Дәрігерлер, мейіргерлер және әкімшілік – біз бір командамыз және халыққа жақсы көмек көрсету, оны қауіпсіз және тиімді ету үшін бірлесіп жұмыс істейміз».
Аккредиттеуден өту денсаулық сақтау жүйесіндегі ұлттық сапа стандарттарын сақтай отырып, сапалы, уақытылы және қолжетімді медициналық көмек көрсетуге деген ұмтылысымыз бен қабілетімізді растады.