Кожанова Калданай Каржауовнаны «Үздік маман – 2025» республикалық байқауындағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!
2025 жылғы 13 маусымда Астана қаласында, Медицина қызметкерлері күні қарсаңында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Үздік маман – 2025» атты республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Байқау 17 номинация бойынша ұйымдастырылды.
Байқау қорытындысы бойынша «Медициналық ЖОО-ның үздік оқытушысы» номинациясында Кожанова Калданай Каржауовна – фармацевтика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің инженерлік пәндер және тиісті тәжірибелер кафедрасының меңгерушісі — лайықты жеңіске жетті.
Калданай Каржауовна денсаулық сақтау саласына білікті мамандар даярлауға 30 жылдан астам өмірін арнады. Өзінің педагогикалық қызметін ол 1994 жылы Республикалық медициналық колледжде бастаған, ал 2001 жылдан бастап ҚазҰМУ қабырғасында жұмысын жалғастырып келеді. Ол жоғары кәсіби шеберлік пен фармацевтикалық технология саласындағы терең білімді ұштастырып, білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді белсенді енгізіп, халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, студенттер мен магистранттардың зерттеу жұмыстарына жетекшілік етіп келеді.
Кожанова К.К. ғылыми мұрасы – 150-ден астам ғылыми жарияланым, соның ішінде халықаралық рецензияланатын журналдардағы мақалалар, сондай-ақ 20-дан астам патент пен авторлық куәліктер.
«Үздік маман – 2025» байқауындағы жеңісі 500 АЕК көлеміндегі сертификат пен дипломды табыстаумен расталды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Акмарал Шарипбаевна Альназарова үздік мамандарға марапаттарын жеке өзі тапсырып, олардың еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
Фармацевтикалық ғылым мен білім беру саласындағы сүбелі еңбегі үшін Кожанова К.К. бұған дейін де бірқатар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған:
– «Қазақстан Республикасының ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2024» атағы;
– «Денсаулық сақтау ісінің үздігі – 2025» ведомстволық төсбелгісі;
– «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін – 2019» медалі.
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы Кожанова Калданай Каржауовнаны кәсіби еңбегінің жоғары бағалануымен шын жүректен құттықтайды! Сізге зор денсаулық, ғылыми жетістіктер, шабыт пен педагогикалық және ғылыми қызметіңізде жаңа табыстар тілейміз!