«Крещение» мейрамында суға түсу тәртібі қандай?
Елімізде18-19 қаңтарда «крещение» рәсімі өтеді. Қалаларда шомылу рәсіміне арналған орындар белгіленіп қойылған. Суға түсушілердің қауіпсіздігін полиция, құтқарушылар және жедел жәрдем қызметкерлері қамтамасыз етеді.
Дегенмен, мұзды суға сүңгігісі келгендердің бәрі сақтық шараларын сақтамайды. Осыған орай С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің патофизиология кафедрасының доценті Бауыржан Қасеновтың кеңестерін ұсынып отырмыз.
Сарапшының айтуынша, суға шомылуға халықтың белгілі бір санаты жиі қатысады. Бұған көбіне экстремалды әрекеттерді жасау арқылы жарқын эмоцияны сезінгісі келетін жандар құмар келеді. Сонымен қатар, көптеген адам бұл процедураға дайындық шараларын ескермейді дейді маман.
«Шынығудың өзі – бұл іс-әрекеттердің тұтас кешені. Әдетте, бұл суық суға мерзімді шомылу, яғни денені үйрету аралықтарын бірте-бірте азайтуды қамтиды. Крещение рәсіміне келетін болсақ, адамдар көбінесе кейбір экстремалды әрекеттерді орындауға әуестенеді: қорқынышты жеңу, суықта шешіну, мұзды суға түсу, ауырсынуды сезіну. Соңынан жетістік сезімімен рахаттану. Дәл осындай эмоциялар адам тауға шыққанда да болады, жолды еңсергенде эмоционалды қанағат сезіміне бөленесің», – дейді маман.
Алайда, көбінесе дайын емес адамдар «ерлік жасауға» тырысады. Ал «диваннан тұра салып, мұзды суға күмп беру» өлімге әкелуі мүмкін. Бауыржан Қасенов қауіп факторларын атап өтті: гипотермия; қан қысымының күрт көтерілуі; созылмалы инфекциялардың өршуі – тонзиллит, тамақ ауруы, пневмония
«Әрине, бұл әркімде бола бермейді. Бірақ жағдайлардың белгілі бір пайызында орын алған. Адам суға сүңгігенде қан тамырларының күрт жиырылуын сезінуі мүмкін. Бұған қоса, ауырсынудан тітіркену пайда болады – суық рецепторлары ауырсынумен байланысты. Стресстің бірнеше түрі болады, тыныс алудың рефлекторлы тоқтауы немесе жүрек тоқтауы мүмкін. Ешкім байқамаса, адам су астына, мұз астына кетуі ықтимал. Онда оны құтқару қиынға соғады. Жүрегі кенет тоқтап қалса, адамды шығарып алу үшін қауіпсіздік арқандарын қолдану қажет», – деді ол.
Сонымен қатар, қазақстандықтарды суға шомылу барысында қауіпсіздік шараларын сақтауға және ауа райы жағдайларын ескеруге шақырды. Суға шомылуға арналған орындарда қауіпсіздік ережелерін есте ұстаған жөн. Олар шомылатын ойықтың жанында үш адамнан артық тұрмауы қажет, суға шомылу рәсімі тек құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің бақылауымен жүзеге асырылуы керек.
Суға кірмес бұрын жылынуға арналған жаттығуларды жасауға болады. Шомылу рәсімінен кейін денеңізді сүлгімен ысқылап, жылы киім киіп, ыстық шай ішу керек. Суға шомылу барысында да денсаулығыңыздың нашарлауын сезсеңіз, шомылу орнындағы кезекші дәрігерлерге дереу хабарласуыңыз қажет.
https://almaty-akshamy.kz/kreshchenie-meyraminda-suga-tysu-taertibi-kanday