Культурное наследие Востока
2017 жылдың 6 желтоқсанында С Ж Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің «Даңқ» залында Орыс тілі және латын курсы қосылған кәсіби орыс тілі кафедрасының, халықаралық медицина факультетінің және Этика Кеңесінің ұйымдастыруымен “Шығыстың мәдени мұрасы” атты іс-шарасы өткізілді. Сондай-ақ шет тілі және кәсіби шет тілі кафедрасының тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Іс-шараға ЖМ, Стоматология және Фармация Мектептері мен ФӨТ факультетінің қазақ, орыс және ағылшын бөлімдерінің студенттері белсене қатысты.
«Рухани Жаңғыру» идеясының аясында өткізілді. Үш тұғырлы тіл саясатын ұстану мақсатында іс-шара үш тілде өтті. Студенттер өздерінің тек болашақ білікті медицина мамандары емес, онымен қоса рухани бай, өзге ұлт мәдениетін құрметтейтін, сегіз қырлы, бір сырлы майталмандар екендігін көрсетті. Іс-шарада Қазақстан, Үндістан, Ауғанстан және араб елдерінің ұлы ақындары мен ойшылдары жайлы презентациялар ортаға ұсынылды. Әсем киім киген студенттер Шығыс халықтарының әндері шырқап, мың бұратылып би биледі, туындылар мәнерлеп оқылып, көріністер қойылды.
Осылайша азаматтары біздің университімізде оқитын Үндістан, Ауғанстан, Иордания сияқты мемлекеттердің мәдениеттерін бір арнаға тоғыстырған алғашқы іс-шара өткізілді. Шет ел студенттері тек ана тілдерінде емес, сонымен қатар қазақ және орыс тілдерінде сөйлеуге тырысты, ал біздің студенттер ағылшын тілінде өнер көрсетті. Жалпы алғанда студенттер өзара түсіністік, достық пен махаббат тілінде тілдесті. Осылайша мәдениеттер алмасуы болды.