«Латын әліпбиі және медицина ғылымының қазақ тілінде дамуы: бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел.
2023 жылдың 21 ақпан күні сағат 15.00-де С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған жол картасындағы жобалар мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 724 қаулысымен бекітілген «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасындағы маңызды шаралардың бірі «Латын әліпбиі және медицина ғылымының қазақ тілінде дамуы: бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға арнайы шақыртумен Мемлекеттік тілді дамыту институының директоры ф.ғ.к., доцент Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы қатысты.
Іс-шара барысында «Латын әліпбиі және медицина ғылымының қазақ тілінде дамуы: бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстелдің кіріспе сөзін Әлеуметтік-тәрбие жұмыстар департаментінің басшысы С.К.Махмутов бастап, латын тілінің қай кезеңнен бері латын тіліне көшу мәселесі көтеріліп келетінін, 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келеді. Латынға Түркия 1928 жылы көшсе, Өзбекстан, Әзірбайжан КСРО ыдырағаннан кейін ауысты. Cол елдердің тәжірибесіне қарасақ, мысалы, Өзбекстан 1928 жылға дейін өзбек тілі араб әліпбиін қолданған. 1928-40 жылдар аралағында жазулары латын әліпбиі негізінде болған. 1940-1992 жж. кириллица қолданылып. 1993 жылы өзбек тілі қайта латын тіліне көшіп, қазіргі кезге дейін қолданып келетіндігін айтып өтті. Сол сияқты Әзірбайжанда 1925 жылдарға дейін ресми әліпби рөлін араб тілі атқарды. 1926-39 жылдары латын әліпбиін қолданса, 1940-2001 жылдары кириллица, одан кейін 2001 жылы қайта латын әліпбиіне көшкендігі туралы тарихқа шолу жасап өтті.
Сондай-ақ, Ғылыми кітапхана басшысы Модовов Нұрбол Алимбайұлы студент жастардың, әсіресе медицина жастарының қазіргі таңда орыс тілді жастардың латын әліпбиін әлеуметтік желілер мен нұсқаулықтар жазуда қолданыста пайдалатындығын тілге тиек етіп, жастардың медицинаны меңгеруде кітапхананың, әдебиет қоры мен ақпараттық технологияның маңыздылығын, кітапхна әдебиеттерді сақтап жинаудан бөлек осындай мәні зор жайттарды насихаттаушы, рухани қазына ордасы, жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір ол кітапхана деп өз ойымен бөлісті.
Іс-шара барысында орыс тілді топ студенттері өздерінің бағдарламасын да паш етті: Мұратбек Оспанов. «Ана тілім» өлеңімен Жалпы едицина мектебі 2-курс студенті Ли Юлия, Құрманғазының «Адай» күйін Педиатрия мектебінің 1-курс студенті Батықова Айгүл, «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің лингвистикалық аспекті» атты баяндамамен Жалпы медицина мектебінің 1-курс студенті Әуелов Бақдәулет, «Өмірлік мұраты – тілге қызмет» атты баяндамамен Жалпы медицина мектебінің 2-курс студенті Елемесова Бекзада мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіштерінің жоғары екендігін байқатты.
Іс-шараның арнайы қонағы Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, ф.ғ.к. Қапалбек Б.С. студент жастарға «Латын әліпбиі және медицина ғылымының қазақ тілінде дамуы: бүгіні мен болашағы» тақырыбында латын әліпбиінің тарихы мен даму кезеңдерін, өзге көршілес мемлекеттер мен тілдік даму жүйесіндегі жүйелік өзгерістерді мысалдарымен таныстырылым көрсетті. Студенттер көкейтесті сұрақтарын қойып қанағаттанарлық жауап алды.
Сонымен қатар, іс-шарада орыс тілді медицина студенттері өздерінің мемлекеттік тілді қалай меңгеріп жүргендігін, мемлекеттік тілде медицина ғылымының дамуына латын әліпбиінің қолданысқа енуі кітап қоры мен әдебиеттердің латын әліпбиінде жазылуы, ақпараттық IT саласында қалай белең алуы мүмкін деген пікірлер айтылды. Әрине медицина ғылымында латын әліпбиін қолдану маңызды және берер мүмкіндігі де жетерлік. Медицина ғылымында латын әліпбиін қолдану әсіресе медицина жастарына мемлекеттік тілді меңгерумен қатар, күнделікті қолданыста жүйеге енгізу келешекте мемлекеттік тілдің маңыздылығын арттыратындығы сөзсіз. Іс-шара жастарымызға тәрбиелік маңыздылығы мен мәні, рухани даму мен көшбасшылық, медицина ғылымын меңгерудегі көптілді білу латын әліпбиін қолдануда маңызы бар екендігі де ескерілді.
Қорытындылау барысында белсене атсалысқан студенттерге алғыс хаттар табысталып, естелік сыйлықтар берілді. Іс-шара өте жоғары деңгейде өткізілді.