ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ЖӘНЕ МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ДАМУЫ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ
2022 жылдың 25 сәуірінде С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Терминологиялық комиссиясының, Тілдік пәндер кафедрасы және Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі және медицина ғылымының мемлекеттік тілде дамуы: бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел шымылдығын ашқан Корпоративтік даму бойынша проректор Датхаев Убайдилла Махамбетұлы бүгінгі дөңгелек үстел тақырыбының маңыздылығына тоқтала келіп, бұл әліпби Қазақстан Республикасын әлемдік қауымдастыққа жылдам енуіне оң ықпал ететінін атап өтті. Ол сонымен қатар университетімізде мемлекеттік тіліміздің өркендетуге байланысты көптеген игі істер атқарылып жатқанын, медицина ғылымын қазақ тілінде дамытуда осындай іс-шаралар игі ықпалын тигізетінін атап өтті. Убайдилла Махамбетұлы дөңгелек үстелге онлайн қатысып отырған ҚР медициналық оқу орны қызметкерлеріне де алғысын білдірді.
ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссия төрағасының орынбасары, С.Ж.Асфендияров ат. ҚазҰМУ Терминологиялық комиссиясының төрағасы, Патологиялық анатомия кафедрасының профессоры, м.ғ.д. Ахметов Жауғашты Байназарұлы «Медицина терминдерін қазақшалау мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасап, қазақша медициналық терминдерді қалыптастырудың жолдарына тоқталды және термин жасаудың қиындықтарын шешу жолдары туралы өз ойын ортаға салды.
ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссия мүшесі, Қалыпты алыпты анатомия кафедрасының доценті Шәкенов Бауыржан Шәкенұлы «Ұлттық анатомиялық терминдерді біріздендіру мәселесі» деген тақырыптағы баяндамасында қазақша әр түрлі қолданылып жүрген терминдерді салыстыра келіп, олардың қайсысын қабылдау керек екендігін нақты дәлелдер келтірді.
Қазақстан-Ресей медициналық университетінен келген педагогика ғылымдарының магистрі, оқытушы Құлабаева Римма Тұрсынқызы «Стоматологиялық терминдердің қазақ тіліндегі көрінісі» тақырыбында баяндама жасап, стоматологиялық терминдерді аударуда қазақ тілінің сөздік қорын барынша мол қолдану керек екендігіне баса назар аударды.
Қалыпты физиология кафедрасының лекторы. Жүністаев Диас Дүкенбайұлы латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес келмейтін, Кеңес Өкіметі кезінде күштеп ендірілген басы артық дыбыстарды әліпбиден шығарып тастау арқылы, халықаралық терминдерді қазақ тіліне бейімдеудің нақты жолдарын көрсетті.
ҚР ДСМ жанындағы медицина саласы бойынша терминологиялық комиссия мүшесі, Тілдік пәндер кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы қазақ тіліндегі күрделі медициналық атаулардың жасалуына және күрделі сөздер мен сөз тіркестерін ажыратудың басты қағидаларына тоқталып, қазіргі орфографиялық ережелереміздегі кемшіліктер туралы сөз қозғады.
Дөңгелек үстелге Астана медицина университетінен, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінен, Семей медицина университетінен Терминологиялық комиссия мүшелері мен тіл жанашырлары онлайн форматта қатысып, көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстел соңында Семей медициналық университеті Жалпы білім беру пәндері кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. М.Д.Жорокпаева іс-шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар баяндамалар мен жарыссөздер қорытындысы бойынша қарар қабылдады.
Дөңгелек үстелдің жоғары деңгейде өтуіне және оның техникалық жағын қамтамасыз етуде аянбай еңбек еткен Жастар саясаты басқармасын атап өткен жөн. Сондай-ақ, республикамыздағы басқа да медициналық оқу орындарымен байланысты жүзеге асырған университетіміздің IT-технологиясы қызметкерлеріне де алғысымыз шексіз.
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/латын-әліпбиі-және-медицина-ғылымыны/