«Медицина қызметкерлерінің салауатты өмір салты – Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) жетудің маңызды факторы» тақырыбында ғылыми-практикалық іс-шара өтті
2026 жылғы 26 ақпанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті МСАК және диагностика орталығында (Шевченко көшесі, 126) офлайн форматта «Медицина қызметкерлерінің салауатты өмір салты — Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) жетудің маңызды факторы» тақырыбында ғылыми-практикалық іс-шара өткізілді.
Іс-шараны ҚазҰМУ-дың Денсаулық сақтау саясаты және менеджменті кафедрасы және МСАК және диагностика орталығы ұйымдастырды.
Ұйымдастыру комитеті мүшелері:
- Құмар Айнұр Бақдәулетқызы — PhD, профессор;
- Абикулова Ақмарал Қанатқызы — PhD, профессор;
- Куттыбаев Асылхан Дүйсенханұлы — PhD кандидат.
Іс-шараның мақсаты — медицина қызметкерлерінің салауатты өмір салтының денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы рөлін ғылыми тұрғыда талқылау.
Лекторлар ретінде:
- Бейсбекова Арайлым Қайратқызы — PhD, нутрициология кафедрасының қауымдастырылған профессоры;
- Равиль Зарина — PhD, биостатистика кафедрасының лекторы, психолог;
- Камбарова Айгүл Жұмабекқызы — дене шынықтыру кафедрасының лекторы
қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.
Іс-шара барысында медицина қызметкерлерінің дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, психоэмоционалдық тұрақтылық және кәсіби күйзелістің алдын алу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, салауатты өмір салтының медициналық кадрлардың еңбек өнімділігіне, кәсіби ұзақ өмір сүруіне және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына ықпалы талқыланды.
Аталған іс-шара 0125РКИ0280 «Алғашқы медико-санитарлық көмек деңгейіндегі медициналық қызметкерлердің салауатты өмір салтын қалыптастыру моделі» университетішілік гранттық жобасы аясында өткізілді. Іс-шара нәтижелері медициналық қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ғылыми-практикалық ұсынымдар әзірлеуге негіз болады.
Қорытындылай келе, іс-шара өзектілігі жоғары, ғылыми және практикалық маңызы бар кездесу ретінде өтті және қатысушылар тарапынан оң бағаланды.


