Мемлекеттік Рәміздер – ұлттық мақтанышымыз
Бүгін С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Жастар саясаты басқармасы, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен 4 маусым – Қазақстан Республикасының Рәміздері күніне орай «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Рәміздер күні Ұлан байтақ еліміз үшін ең маңызды, әрі зор мақтанышпен атап өтетін ерекше тарихи күн болып саналады. Биыл еліміздің Мемлекеттік Рәміздеріне 30 жыл толып отыр.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Іс-шара барысында Корпоративтік даму жөніндегі проректор құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Арнайы қонақ Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты М.Қ.Дауытбекова рәміздердің маңыздылығы мен тарихына тоқталды, сондай-ақ университетіміздің «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ассистенті Мәлік Ғалым сөз сөйледі. Мереке барысында студенттер домбыра тартып, ән айтып, өз өнерлерін ортаға салды.
Еліміздің рәміздері әр азаматтың патриоттық сезімін биікке көтеріп тұратын, рух беретін ажырамас бөлігі. Еліміздің айқын белгісін көрсететін, елдігімізді әлемге танытатын Рәміздер күні құтты болсын. Әрқашан да көк байрағымыз көкте қалықтап, әнұранымыз әлемнің биік мінберлерінде, жеңіс тұғырларында шырқала берсін.