Мемлекеттіліктің негізін бекіткен Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігінің символы – бұл төл теңге.
Ұлттық валюта Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді.
Теңгенің дизайнымен отандық суретшілер жұмыс істеді. Банкноттардың бет жағына Қазақстанның мәдени, рухани және саяси дамуына зор үлес қосқан қазақ халқының тарихи тұлғалары бедерленді. Сыртқы жағында – елдің көрікті табиғи және сәулеттік жерлері бейнеленген.
Елбасы кітапханасы музейінің ұлттық валютаға арналған залдарының бірінде келушілер заманауи технологияларды пайдалана отырып, банкноттардағы символдар мен объектілерді көре алады.
Сонымен қатар, мекеменің архивінде тарихи оқиғаның бейнежазбасы – теңгенің енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1993 жылғы 12 қарашадағы халыққа үндеуі сақталған.
Бұл кинохрониканың кадрлары Елбасы кітапханасының 15 қараша – Қазақстан Республикасының ұлттық валюта күніне дайындаған бейнероликке енді. Осы күні Қазақстанның қаржы жүйесінің қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді.