«Мен қазақша білемін» атты әдеби-музыкалық кеш болып өтті
Егеменді еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатқан әрбір азамат қазақ тілін меңгеріп, қазақ тілінде сөйлеуі міндетті. Үкімет бір қарашаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан әр түрлі ұлттардан құралған халыққа мемлекеттік тілді үйрету мақсатында жексенбілік мектептер ашып, заманауи оқу құралдарын шығарып, тілді игеруге ынталандыратын шаралар, байқаулар ұйымдастыруды қолға алған.
2018 жылғы 22 мамырда университетіміздің тарихи мұражайында қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының 85 жылдығына арналған түрлі этнос өкілдері арасында өткен «Мен қазақша білемін» атты әдеби-музыкалық кеш – соның бір айғағы. Ұйымдастырушылар: қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті Дәрменқұлова Р.Н, оқытушылар Даркембаева Г.К, Серікқалиева А.Қ.
Кешке қазақ тілінде сөйлейтін, қазақ ұлтының болмысын ұғатын 6 өзге ұлт өкілі қатысты. Оның ішінде үнді, араб, шешен, ұйғыр, кәріс, орыс ұлттары болды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту және насихаттау, жастарды қазақ тілін үйренуге ынталандыру, отансүйгіштік сезімін арттыру мақсатында өткізілген кеш 3 кезеңнен тұрды.
Кештің бірінші кезеңінде қатысушылар қазақ тілінде өлеңмен не қара сөзбен өздерін таныстырды. Онда жастардың сахнада өзін ұстауы мен таныстыру арқылы көрермен жүрегіне жол таба білуі бағаланды. Екінші кезең бойынша қазақ тілінде мақал-мәтел білетінін еркін жеткізу керек болды. Бұл кезеңде Үндістан Республикасын келген ЖМ факультетінің студенттері Thota Srinivas пен Chakali Alekhya қазақ тілінде мақал- мәтелдерді жатқа айтып, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Ал соңғы шешуші кезең – «Ой сергіту» шығармашылық тапсырма болды. Онда кешке қатысушы өзге ұлт өкілдері өз өнерлерін ортаға салғанда, олардың таланттарына көрермендер риза болды. Шешен ұлтының өкілі ЖМ факультетінің студенті Куйкенова Залихан өз мамандығы туралы дыбыссыз бейнероликке қарап қазақша ақпарат берді. Кәріс ұлтының өкілі Ю. Надежда ұлттық тағамның дайындалуын қазақ тілінде түсіндіріп кеш қонақтарына ұлттық тағамы «Чимпениді» ұсынды. Сондай-ақ ол кеш барысында өз қолөнерін де көрсете білді.
Үндістандық студент L.D. Pavan Kumar қазақ тілінде өзін толықтай таныстырды. Қазақ тілін әжептәуір меңгеріп қалғандығын өзінің суреттерге қарап сөйлем құрастырғанынан байқауға болады. «Досы көпті жау алмайды» дегендей Паванның досы Sai Lakshmi «Сәби болғым келеді» атты өлеңді қазақ тілінде айтып, Reddy Savanthi мен Ravada Kavya атты достары мың бұралып, үнді биін билеп, көрермендер көңілін бір серпілтіп тастады.
Орыс ұлтының өкілі ЖМ факультетінің студенті Гавриленко Артем қазақ тілін жақсы меңгергендігін кеш барысында өзін еркін ұстап, мақалдап сөйлегенінен аңғаруға болады. Ол Мирхали Махмудовтың «Болайық бірге» өлеңін студенттер Конышева Александара және Кусшибекова Камилламен бірге нақышына келтіріп жатқа оқып берсе, араб студенттері Емад Хасан Айя мен Елрекебат Иззелдин Абайдың 19-қара сөзін оқып, қазақ дәстүрінің аттарын айтып, жүректі жадыратты.
Ұйғыр ұлтының өкілі ЖМ факультетінің студенті Абдимитова Дилярам өзіне берілген «Қызық times» бейнероликтегі қазақ әндерінің аттарын шатастырмай айтып берді. Басқа қатысушылардың да қазақтың ақиық ақындарының өлеңдерін нәзік сезімге беріліп, мәнерлеп оқығаны бізді қуантты. Бұл кештің мақсаты – өзге ұлт өкілдерін басын қосып қазақ тілінде сөйлей алу мүмкіндігін байқап, халқымыздың бірлігі мен тыныштығын сақтауға үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдерінің де үлесі бар екенін паш ету.
Достығымыз жарасқан,
Ақпыз, қара, сарымыз.
Қара жер мен көк аспан,
Ортақ дала тауымыз.
-деп кешімізді аяқтай келе, қорытынды сөзді Халықаралық медицина факультетінің деканының орынбасары Мухамедиева Гүлзада Миналовнаға берілді. Кешке сондай-ақ Аблизова Мунирям және тәрбие бөлімінен Сейітова Іңкәр қатысты.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтің «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» дегендей біз ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ете отырып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге ат салысайық.