Мен Қожахметов Нағашбек Алматы қаласындағы медицина институтының 1966 жылғы кешкі бөлімінің алғашқы түлегімін
«Түлектер күні» шарасы туралы жаңалықты қызымнан естіп қуанып қалдым. Өзім туралы айтар болсам, осыдан 60 жыл бұрын Шымкент фельдшерлік акушерлік мектебін бітіріп, жұмыс жасап жүрген кезімде қазақ жастарына оқуға түсіп, жұмыспен қамтылу мүмкіндігінежеңілдіктер барын естіп қалдым. Біз жас кезімізде дәрігер мамандар жетіспейтінін жиі еститінбіз, содан білімімді жоғарылатып, білікті дәрігер болуға талаптанып Алматы қаласына бірталай жолдастарымызбен аттандық. 1959 жылдары ДЕНСАУЛЫҚ сақтау басқармасы жас шамасына, емтиханнан алған үштік бағаларына қарамастан, кәсіби дәрігер болуға деген құлшынысымызға қолдау көрсетті. Соның арқасында жасы 30 бен 50 ге таяған 60-қа жуық арнайы орта медициналық білімі бар жастарымыз институттың «емдеу ісі» бөліміне оқуға қабылданды. ДЕНСАУЛЫҚ сақтау басқармасы арнайы бұйрықпен бізге жатақханадан орын беріп, күндіз медицина ұйымдарында фельдшерлік не мейіргерлік жұмыспен айналысуымызды ұйымдастырып, сағат үштен түнгі онға дейін кешкі бөлімде білім алдық. Мен өзім Розыбакиев пен Жамбыл көшесінің қиылысындағы 10-шы емханада оқу аяқтағанша жұмыс істедім.
Кешкі бөлімде білім алуда, біз үшін мықты профессорлар қауымы Қарынбаев, Самарин, Александрович т.б. дәрістерін оқып, барлық білімдерін беруден аянбады. Осы 1959 – 1965 жылдары әрі білім алып, әрі кәсіби ортада еңбек етіп тәжірибе жинап, отбасымды асырадым. Менімен бірге оқығандардан кейінірек, білікті мамандар, ғылым докторлары, атақты тұлғалар шықты.
1965 жылы наурыз айында диплом алып, халыққа қызмет жасауға қуанышпен елімізге оралып, тез арада жұмысқа орналастым. Мен еңбек жолымды 1965 жылдан бастап, қазіргідей дамыған технологиялар болмағанына қарамастан, кез келген қиындықты алған біліміміздің арқасында жеңіп, дәрігерлер жетіспейтін болғасын хирургиялық, терапиялық т.б. көпсалалы көмек көрсетіп, аудандық, ауылдық ауруханалар мен емханаларда бас дәрігерлік қызмет атқардым. Ауылдық жерлерде халыққа қызмет көрсетуде егіс басына, жайлау мен қыстаудағы шопандарға т.б. көлік не жанар-жағар май болмай ат арбамен жұріп те медициналық көмек көрсеттім. Сонымен қатар, кеңес уақытында партия мүшелігіне өтіп, коммунист дәрігер де бола білдім. 1998 жылы бас дәрігерлік лауазыммен зейнетке шықтым.
Кеңес Одағы заманында, дәрігерлер білімін жетілдіру мәселелері жоғары деңгейде ұйымдастырылып, заманға сай қажетті ақпараттарды, науқастарды емдеу әдістемелерін қала мен ауыл дәрігеріне кәсіби біліктілік бірдей үйретілетін. Менің еңбек тәжірибемде үнемі соңғы медициналық әдебиеттер, мерзімді медициналық журналдарды сатып алып, өз кітапханамды жинақтау әдетіме айналып, үлкен медициналық энциклопедияның т.б. анықтамалардан жүзге жуық кітаптарын жинадым. Ауылдық ауруханаларда қызмет ету барысында туындаған мәселелер бойынша, шопандарға көмек, қажет болса әйел босандыру, тіс жұлу, жеңіл хирургиялық операциялар т.б. шұғыл жағдайларда осы кітаптар білімді жаңғыртып, шешімін табуға жөн сілтеп отырды. Табанды еңбегімнің арқасында халық алғысы мен құрметіне бөлендім. Осы жұмыстың қызығы мен қиындығын тең көтеріп, жұмыс бастылықпен өз денсаулығымды күтіп баптауға, шипажайға демалысқа баруға уақытым болмапты.
Отбасымда жұбайым екеуіміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп 16 немере, 15 шөбере көрдік. Балаларымызға білімді, білкті болуына жол сілтеп, барлығы алдыңғы қатарлы маман иелері болды.
Жұбайым Жұмағұлқызы Рабиға 1960 жылдан медицина саласының маманы, фельдшер акушерка болып Түркістан ауданы, Майдантал совхозында үш мыңға жуық баланың кіндік шешесі, әйелдердің аман есен босануына аянбай тер төгіп, халық алғысына бөленген жан. Менің дәрігерлік жолымды кіші қызымыз Айгүл мектепті күміс медальмен бітіріп, қазіргі Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қайта ашылған санитария гигиеналық факультетін 1995 жылы аяқтап, қазіргі таңда Қожахметова Айгүл Нағашбекқызы медицина ғылымының кандидаты, PhD осы университеттің нутрициология кафедрасының доценті болып жұмыс атқарады. Күйеу баламда осы университетте хирургиялық стоматология кафедрасында доцент. Немерелерімнен Нұрланқы Ғазиза стоматолог дәрігер, ал жиен-немерелерім Жарқынбекқызы Әйгерім және Меруерт, ҚазҰМУ халықаралық медицина факультетінің түлектері. Барлығы да өз мамандықтарына зор қызығушылықпен қарап, сабақтарын үздік оқыған. Менің дәрігерлік жолымды жалғастырған ұрпақтарымды мақтан тұтамын.
Абыройы мен қиындығы қатар жүретін осы дәрігер мамандығын меңгеру, халыққа сапалы қызмет көрсету аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, адамгершілік қасиеттердің болуын талап етеді. Болашақ жастардың қолында болғандықтан, заман талабына сай білім алып, озық мемлекеттің білімді, әрі кәсіби білікті маман болуы үшін зор талап, еңбек, еңбекке адал болуын тілеймін. Барлық түлектерге ақ халатты ұрпақтарымен мақтанатын бақытты өмір, дендеріңіз сау болсын!!