«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» әдеби-музыкалық кешке шақырамыз!
Құрметті әріптестер және білім алушылар!
Сіздерді 2024 жылдың 9 ақпан күні сағат 15.00 С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің Даңқ залында өтетін қазақтың ақиық ақыны М. Мақатаевтың туған күніне орай «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-музыкалық кешке шақырамыз.
Мақатаев Мұқағали Сүлейменұлы (1931 жылы дүниеге келіп, 1976 жылы дүниеден өткен. Шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.
Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.
1948–1949 жылдары – ҚазМУ-дың филология факултетінің студенті;
· 1948 – оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы;
· 1949 – көктемде жары Лашынмен отау құрады;
· 1949 – Советтік шекара газеті ақынның Қырман басында, Қойшы бала – Әкітай деген өлеңдерін жариялады;
· 1950 – Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастайды;
· 1954 – Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып тағайындалады, осы жылы ақынның үш өлеңі Әдебиет және искусство журналында жарияланды;
· 1957 – Республикалық радионың диктор қызметін атқарады;
· 1960-1962 жылдары – Советтік шекара газетінің бөлім меңгерушісі;
· 1963-1965 жылдары – Мәдениет және тұрмыс журналында жұмыс істейді;
Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды (1949). “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген еді (“Қазақ әдебиеті”, 18.3.1960).
Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді. Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.
Ақынның туған ауданында бір орта мектеп, Алматы қаласында көше және гимназия оның есімімен аталады.
Ол 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден өткен.