Мәртебемді биіктетіп, мерейімді өсірген – халқым: Төрегелді Шарманов 91 жаста
Бұл дүниеге келгенде, не алам деп емес, не берем деп келу керек
Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов 91 жасқа толды, деп хабарлайды Almaty.tv.
1930 жылы медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі Төрегелді Шарманұлы Шарманов дүниеге келді.
«Шарманов ретінде мәртебемді биіктетіп, мерейімді өсірген – халқым. Қандай қысылтаяң кезең болса да, әрбір жетістігімді халқыммен бірге өткеруім – азаматтық борышым. Төңірегіңе, қоғамға, халыққа қаншалықты қажет болсаң, соншалықты ұзақ өмір сүресің. Ол шындық. Халқың еңбегіңе, қамқорлығыңа, ісіңе қаншалықты мұқтаж болса, соншалықты жауапкершілікті сезінесің. Ол мен үшін зор бақыт. Ал ешкімге пайдасы тимеген адам іштей зарығады. Бұл бақытсыздықтың белгісі. Еңбегің халықтың игілігіне айналып, пайдасын ел көріп жатса – нағыз бақыт осы. Бұл дүниеге келгенде, не алам деп емес, не берем деп келу керек», – деп жазады ол Фейсбуктегі парақшасында.
Төрегелді Шарманұлы Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген. 1958-1962 жылдары – Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі. 1973-1984 және 1988 жылдан КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары – Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Төрегелді Шарманұлы 1995 жылдың мамыр айынан Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті. 1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы. Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады; мешел ауруының даму механизмін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспалары шығарылды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина – санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды. Оның жетекшілігімен 60-қа жуық докторлық және 170-тен астам кандидатттық диссертациялар қорғалды. «Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.
Дереккөз: Inform.kz