Назарбаев Зияткерлік Мектептері» ААҚ делегациясы ҚазҰМУ-да
2017 жылдың 26 қаңтарында ҚазҰМУ Басқарма төрайымы Күляш Шәмшидинқызы Ноғатаева бастаған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ делегациясы болды.
Университет басшылығының «НЗМ» ААҚ өкілдерімен кездесу іс-шарасы конференц-залда өтті. Кездесудің мақсаты – Зияткерлік мектептердің білім беру бағдарламаларының ерекшеліктерін, білім алушылардың қорытынды аттестациясын, тіл бойынша және академиялық дайындығын таныстыру.
Кездесуді Ректордың міндетін атқырушы Хамзина Нұргүл Қалиқызы ашты. Кездесу бағдарламасына сәйкес, ААҚ Басқарма төрайымы Күляш Ноғатайқызы кездесу қатысушыларын НЗМ білім алушыларының жетістіктерімен, ААҚ іс-қызметімен таныстырды. Білім беру бағдарламалары орталығының директор орынбасары Мағзұмова Арайлым Қуанышқызы Назарбаев Зияткерлік мектептері білім беру бағдарламаларының мазмұнын таныстырса, Педагогикалық өлшемдер орталығының директор орынбасары Нұрақаева Лейла Тұрсынқызы Зияткердік мектептер бітірушілерінің қорытынды бағалау үрдісі жайында баяндады. Білім берудің сапасын бағалау департаментінің директор орынбасары Абилов Рустам Жұмабекұлы НЗМ бітірушілерінің жоғары оқу орындарына түсуі туралы айтып берді. Р. Абиловтың ақпараты бойынша, 2012-2016 жылдар аралығында ҚазҰМУ-ға 81 НЗМ түлегі оқуға түсті. 2017 жылы ҚР бойынша НЗМ 409 бітіруші оқуын аяқтайды, болжам бойынша олардың 1,5%-ы ҚазҰМУ-ға түсуді жоспарлап отыр.
Кездесу барысында қатысушылар Зияткерлік мектептердегі 12 жылдық білім беруді ескере отырып, университетімізге түскен жағдайда кейбір нақты пәндер бойынша кредиттерді есепке алу мүмкіндігін, сонымен қатар НЗМ түлектерінің қорытынды бағалау сертификаттарын таңып, ҚазҰМУ-ға ҰБТ тапсырмай қабылдау мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу достық сарында өтті. «НЗМ» Басқарма төрайымы Күляш Ноғатайқызы және делегация мүшелері ҚазҰМУ басшылығына жылы оларды қабылдағаны, Зияткерлік мектептердің білім беру бағдарламаларының ерекшеліктерін, білім алушылардың қорытынды аттестациясын, тіл бойынша және академиялық дайындығын таныстыру мүмкіндігін бергендері үшін алғыстарын білдірді.
Кездесу нәтижелері бойынша ҚазҰМУ мен «НЗМ» ААҚ бірлескен жұмысының негізгі бағыттары анықталды, алдағы уақытта басты мақсаты ретінде сапалы білім беруді қамтамасыз ету және мемлекетіміздің гүлденуіне үлес қосу болып табылатын осы серіктестік жалғасын табады.