Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Наурыз мерекесін атап өтті (Фото)
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті құт-береке, ырыс-ынтымақтың мерекесі — Наурыз мейрамын айрықша атап өтті. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл күні оқытушылар мен студенттер мерекелік дастархан жайып, елімізде тұратын өзге де ұлттардың ұлттық тағамдарын ортаға қойды. Қатысушыларға палау, ет, Наурыз көже берілді.
Өткен сенбіде университет аумағы ерекше мерекелік көңілде болды. Өйткені, күн аралығы студенттер мен оқытушылар қатысуымен ойындар, ән мен би, байқаулар өткен болатын.
— Наурыз мерекесін университетіміз қалыптасқан дәстүр бойынша жылда атап өтеді және осы жылда да дәстүрден ажырамай өткізудеміз, — деп Тәрбие, әлеуметтік сұрақтар және халықаралық ынтымақтастық бойынша проректоры Рахима Джумашева атап өтті. – Наурыз – бірліктің, татулықтың мерекесі. Бұл күнде оқытушыларымыз бен студенттеріміз іс-шараны ұйымдастырып қана қоймай, мерекені бірге тойлайды, бірге көңіл көтереді.
Негізгі ғимарат ректорат корпусы, «Мәңгілік ел» алаңында екі үлкен киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылды. Ұлттық тағамдарымызбен қатар өзге де әлем халықтарының ұлттық тағамдарына толы Наурыз дастарханы молынан жайылды.
— Университетімізде түрлі ұлт өкілдері білім алған соң, бұл мерекелік шарада олар қуана өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап, сондай-ақ ұлттық киімдерін көрсетіп, өздерінің ұлттық ерекшеліктерімен бөліседі, — деп Р. Джумашева сөзін жалғастырды.
Мереке тойлау барысында академиктер Төрегелді Шарманов пен Қамал Ормантаев қазақтың дәстүрі бойынша баланың тұсауын кесу рәсімін жасады.
Сонымен бірге, бұл мерекелік күнді одан әрі қызықты өтуіне Құрманғазы атындағы «Салтанат» би ансамблі мен қуыршақ театрының концерттік бағдарламасы, ұлттық спорт түрлері бойынша оқытушылар мен студенттердің қатысуымен ұйымдастырылған спорттық жарыстар септік болды.
Шара соңында үздік дастархан байқауының қорытындылары жарияланды.
ҚазҰМУ-дың Баспасөз қызметі