«Нашақорлық – қоғам дерті»
2023 жылдың 26 қыркүйек күні С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің «Сoncordia» театрында «Нашақорлық – қоғам дерті» тақырыбында арнайы мамандармен кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаттары студенттерге адам психикасына белсенді әсер ететін зиянды заттар туралы ақпарат беру, олардың адам ағзасына кері әсерін түсіндіру және салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болды.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің Тәрбие бөлімінің ұйымдастырған іс-шарасына Алматы қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі О.С. Мырзабеков, Алматы қалалық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі М.У. Курманжанов, Алматы қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Д. А. Көбеев, Алматы қаласы бойынша психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы А.А. Трубникова, «НаркоСТОП» жобасының аддиктологы Е.Б. Тажибаев, университет басшылығы мен студенттер қатысты.
Күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша спикерлер түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, талай адамның түбіне жеткен, бақытты өмірлерін баянсыз еткен улы заттан аулақ болуға шақырды.
Студенттер арнайы мамандарға сұрақтарын қойып, өзара еркін пікір алмасты.
Іс-шара соңында, есірткінің ерекшелігі сол – адам оған бір-ақ рет дәмін татқаннан кейін әуес болып қалады. Міне, адамдардың нашақор болуы себептерінің бірі сонда жатыр. Танысы «бір рет дәмін татсаң немесе иіскесең, шексең нашақор болмайсың, қиындықтардың барлығын ұмытасың, ләззат аласың, жаның тыныштық табады» деген арбау сөздерімен нашақорлық жолына тартады. Ал әлеуметтік қиындықтардан, отбасындағы ұрыс-керістен, жұмыссыздықтан немесе қызметіндегі жанжалдан шаршаған азамат қиындықтан аз уақытқа болса да «қашып кетуді» ойлап, нашақор санатына қосылғанын білмей қалады.
Нашақорлық – еліміздің дамуына орасан зор кедергі келтіретін індет. Қазақстанның жарқын болашағы үшін біз нашақорлыққа қарсы аянбай күресуіміз керек, – деді С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры У.М. Датхаев.