Неврология саласындағы халықаралық ынтымақтастық: Башқұрт мемлекеттік медицина университетіндегі «Visiting Professor» бағдарламасы
2026 жылғы 26 наурыз бен 2 сәуір аралығында С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Туруспекова С.Т. «Visiting Professor» халықаралық бағдарламасы аясында Башқұрт мемлекеттік медицина университетіне сапар жасады.
Сапар неврология саласындағы озық біліммен алмасуға және клиникалық көмекті ұйымдастыру мәселелеріне арналды. Жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Туруспекова С.Т. 1–2 курс студенттері мен резиденттеріне арнап дәрістер сериясын өткізіп, когнитивтік бұзылыстарды, нейродегенеративті ауруларды және цереброваскулярлық патологияны диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырды. Дәрістер белсенді пікірталаспен қатар жүріп, мамандар мен болашақ неврологтар арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік берді.
Сапардың маңызды оқиғаларының бірі БММУ неврология кафедрасының 90 жылдығына арналған IV Еуразиялық неврологиялық конгрестің пленарлық отырысына қатысу болды. Онда неврология ғылымының заманауи жетістіктері мен даму перспективалары ұсынылды. Конгрестің ашылуы Башқұртстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Рахматуллин А.Р.-дың құттықтау сөзімен басталды.
Аймақтың жетекші медициналық мекемелеріне жасалған практикалық сапарларға ерекше көңіл бөлінді. Г. Г. Куватов атындағы Республикалық клиникалық аурухана базасында ҚР ДСМ бас неврологы Туруспекова С.Т. нейрореабилитация және өңірлік тамыр орталығы функциясы бар неврология бөлімдерінің жұмысымен, сондай-ақ клиникалық үдерісті ұйымдастыру және кафедраның жетекші клиникалық базасында қолданылатын инновациялық емдеу әдістерімен танысты.
Неврология кафедрасының меңгерушісі Кутлубаев М.А., нейрореабилитация бөлімінің меңгерушісі Воеводин В.А. және өңірлік тамыр орталығы функциясы бар неврология бөлімінің меңгерушісі Галиуллин Т.Р. өз бөлімшелерінің құрылымы мен жұмыс ерекшеліктерін таныстырып, пациенттерді жүргізу тәжірибесімен және заманауи емдеу технологияларын енгізу тәжірибесімен бөлісті. Сапар кәсіби белсенді диалогпен, клиникалық жағдайларды талқылаумен және тәжірибе алмасумен қатар өтті.
Бағдарлама аясында Сауле Тлеубергенқызы неврология кафедрасының доценті Качемаева О.В.-мен бірге В. С. Бузаев атындағы Халықаралық медициналық орталыққа да барды. Бұл – Ресейдегі интеллектуалды нейрохирургияның алғашқы орталығы, мұнда фокусталған ультрадыбыс әдісі арқылы бірегей инвазивті емес операциялар жүргізіледі. Бұл тәсіл Паркинсон ауруы, дистония және басқа да күрделі неврологиялық ауруларды емдеуде жаңа мүмкіндіктер ашады.
Республикалық медициналық-генетикалық орталық базасында миының созылмалы ишемиясына арналған дәріс оқылды. Сапар барысында профессор Сайфуллина Е.В. (кафедраның нейрогенетика бағытының жетекшісі) және РМГО неонаталдық скрининг зертханасының меңгеруші міндетін атқарушы Загитова Г.Н.-мен бірге орфандық аурулар орталығының жұмысын ұйымдастыру және заманауи зертханалық технологиялармен жан-жақты танысу өтті.
Тұқым қуалайтын ауруларды ерте диагностикалау жүйесі ерекше әсер қалдырды: орталықта жаңа туған нәрестелерге базалық бағдарлама (5 ауру) және кеңейтілген форматта (31 нозология, соның ішінде жұлын бұлшықет атрофиясы) неонаталдық скрининг жүргізіледі. Биоматериал өмірінің екінші күні-ақ алынады, бұл патологияны клиникаға дейінгі кезеңде анықтауға және емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді, нәтижесінде пациенттердің болжамы едәуір жақсарады.
Сапар барысында кафедра оқытушыларымен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды жетілдіруге бағытталған мазмұнды талқылаулар өтті. Демиелинизациялаушы аурулар саласының танымал сарапшысы, профессор Бахтиярова К.З. Башқұртстан мен Қазақстанда нейрооптикомиелит спектріндегі аурулар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге шақырды. Доцент Первушина Е.В. бүйірлік амиотрофиялық склероз және сирингомиелия бағыттары бойынша ұсыныстарын білдірді. Профессор Ахмадеева Л.Р. және доцент Мирсаев Т.Р.-мен студенттік ғылыми үйірмелердің зерттеу жұмыстары талқыланды.
Талқылаулар оқыту әдістемелерін жетілдіру, заманауи клиникалық кейстерді енгізу және студенттер мен резиденттердің ғылыми талдау дағдыларын қалыптастыру мәселелерін қамтыды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, оқыту мен практикалық құзыреттерді дамытуға арналған инновациялық тәсілдерді ұсынды.
Сапар ашық кәсіби өзара іс-қимыл атмосферасында өтті, пікір алмасумен, клиникалық жағдайларды талқылаумен және ғылыми ынтымақтастық перспективаларын қарастырумен ерекшеленді. Мұндай бастамалар халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға және медициналық білім беру мен клиникалық практиканың сапасын арттыруға ықпал етеді.






























