Нейрохирург Ақшолақов Серік Қуандықұлымен кездесу өтті
2019 ж. 15 наурызда Университет Даңқ залында Республикалық Жастар форумына «Jastar Forymy KazNMU-2019» катысушылары мен ҚазҰМУ студенттері профессор, медицина ғылымының докторы, «Қазақстанның Еңбек Ері», ҚР ҰҒА академигі, ғылым және техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әйгілі нейрохирург, Әлем дәрігері Ақшолақов Серік Қуандықұлымен кездесу болды.
Ақшолақов Серік Қуандықұлы – профессор, медицина ғылымдарының докторы, академик, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ғылым және техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы.
1975 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірді. Клиникалық ординатураны, аспирантураны және докторантураны академик Н. Н. Бурденко атындағы РҒМА-ның (Мәскеу) нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында бітірген. 1996-2008 жылдары Алматы мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институтының нейрохирургия кафедрасының меңгерушісі болды. 2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Ұлттық нейрохирургия орталығының» АҚ Басқарма төрағасы болып табылады. С. Қ. Ақшолақов мидың базальды бөлімдерінің, ми діңінің, мидың қарыншалық жүйесінің ісіктері кезінде микро нейрохирургияның соңғы заманауи жетістіктерін қолдана отырып, аса күрделі нейрохирургиялық операциялардың барлық спектрін меңгерген. Жұмыс істеген жылдары аталған орталықта бас миы мен омыртқаға 5000-нан астам ота жасады. С. Қ. Ақшолақов Қазақстанда микро нейрохирургия, атап айтқанда эндоскопиялық нейрохирургия (трансназальді эндоскопиялық тәсілдер, бас миы таяқшасында эндоскопиялық операциялар) негіздерін енгізген, сондай-ақ оларға алғаш рет нейронавигацияны қолдану және эпилепсияны ота жолымен емдеуді жүзеге асырды.
С. Қ. Ақшолақовтың басшылығымен және тікелей қатысуымен, бұрын Қазақстанда орындалмаған 60-тан астам жаңа технологиялар енгізілді, 25 кандидаттық және 5 докторлық диссертация дайындалып және қорғалды, 30-дан астам клиникалық ординаторлар мен резиденттер дайындады. 300-ден астам ғылыми жұмыс жарияланды (оның ішінде 80 шетелдік журналдарда), оның ішінде 13 монография, 13 патент алынды.
1998 және 2015 жылдары Қазақстан Республикасының нейрохирургиялық қызметін дамытуға қосқан зор үлесі үшін оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді, бірнеше рет (2001-2015 жж.) Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. 2005 жылы – «Платиналы Тарлан» тәуелсіз жоғары сыйлығының лауреаты және Бүкіләлемдік дәрігерлер қауымдастығының «Әлемгең Қамқоршы дәрігер» атағына ие болды. 2006 жылы Ресейдегі Бүкілресейлік көрме орталығының «БКО лауреаты» медалімен марапатталды. 2008 жылы А. Байтұрсынов атындағы күміс медальмен марапатталған және Ресейдің Пирогов атындағы сыйлықтың лауреаты, 2008 және 2009 жылы «Алтын адам – Қазақстандағы Жыл адамы» атағына ұсынылды. 2010 жылы ҚР Президенті «Парасат» орденімен марапаттады. 2011 жылы ҚР ҰЗА нейрохирургиясында жаңа технологияларды енгізгені үшін – «Қазіргі заманғы Қазақстанның аса көрнекті инженерлік жобалары» атты республикалық конкурсының жеңімпазы атанды. 2012 жылы – Швейцария, сапа сыйлығының лауреаты, Германияда «Алтын эндоскоп» сыйлығының лауреаты, 2013 жылы-Ғылым және техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атақтарына ие болды. 2012 жылы «Асқақ азамат» атағын алды. 2015 жылы «Халық сүйіктісі-2015» ұлттық сыйлығы берілді. 2016 жылы Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы үздік жетістіктері үшін – «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.
«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы С.Қ. Ақшолақовпен кездесу жоғары деңгейде өткізілді. ҚазҰМУ студенттері, профессорлары мен оқытушылары және Жастар форумына шақырылған қонақтар Әлем дәрігері, нейрохирург С.К. Ақшолақовқа өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, толық жауап алды.
«Жалпы медицина» мектебі