Неонатология курсымен балалар аурулары кафедрасына профессор Барлыбаева Нина Ахметқызының есімі берілді
2022 жылдың 10 ақпанында ҚР ДСМ «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында» неонатология курсымен балалар аурулары кафедрасына профессор Барлыбаева Нина Ахметқызының есімін беруге арналған салтанатты іс-шара өтеді.
Іс-шараға ҚазҰМУ ректоры, проф. Нұрғожин Т.С., университет пен орталықтың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ардагерлер және кафедра ұжымы қатысады.
Барлыбаева Нина (Нағима) Ахметқызы 1924 жылы туған – көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері. Учаскелік дәрігерден профессорға дейін 60 жылдық еселі жолды еңсеріп, ол Қазақстанның педиатриялық мектебінің негізін қалаушы, Қазақстанның жоғары білікті ұлттық ғылыми кадрларының алғашқы өкілі болды.
1952 жылдан 1965 жылға дейін ҚР ДСМ Педиатрия ҒЗИ алдын алу және емдеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі, директордың орынбасары болып жұмыс істеді. 1965-1992 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина институтында жұмыс істеді, 1971-1991 жылдары факультеттік, содан кейін госпитальдық педиатрия кафедрасын басқарды, бір мезгілде 1968-1979 жылдары педиатрия факультетінің деканы қызметін атқарды.
1970 жылдан «Педиатрия» мамандығы бойынша медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесінің және КСРО МҒА педиатрия ҒЗИ докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін профессор ғылыми атағының алғаш қазақ-әйел иегері атанды.
Балалар денсаулығын нығайтуға, ұлттық педиатриялық кадрларды даярлауға қосқан зор еңбегі мен профессордың елеулі үлесі үшін С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Сенатының 2022 жылдың 27 қаңтарындағы шешімімен неонатология курсымен балалар аурулары кафедрасына профессор Барлыбаева Нина Ахметқызының есімі берілді.
Өтетін күні: 10 ақпан 2022 ж.
Іс-шараның басталуы: 11.00
Өтетін орны: Алматы қ., Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Әл-Фараби даңғылы, 146, үлкен конференц зал, №1 Корпус