Ота жасауды видео трансляциялау, студенттер мен оқытушылармен алмасу, ғылыми жұмыс – еліміздегі алғашқы ҚазҰМУ пластикалық хирургия кафедрасы қалай дамиды
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің отбасы 2019 жылы жаңа кафедрамен толықты. Пластикалық хирургияның қазіргі заманғы және танымал бағыты осы уақытқа дейін кадрлық тапшылықты бастан өткерді: болашақ мамандар білім алу үшін шетелге баруға, мамандарды даярлайтын әртүрлі курстарға қатысуға немесе кітаптар мен бейне сабақтар әдістерімен өздігінен білім алуға мәжбүр болған. 2019 жылы Қазақстанда алғаш рет ҚазҰМУ пластикалық хирургия, эстетикалық медицина және лазерлік косметология кафедрасы ашылды. Бірінші оқу жылында 5 резидент оқуға қабылданды. Жыл сайын пластикалық хирургия дағдыларын меңгергісі келетін резиденттер саны арта түсті. Енді кезекте кафедра өз қызметін кеңейтуді жоспарлап отыр. Кафедра меңгерушісі, танымал пластикалық хирург Леон Дерябиннің айтуына қарағанда, жақын арада көптеген резиденттер үшін ыңғайлы оқу жағдайларын жасау, сондай-ақ кафедра негізінде ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарлануда.
«Кафедраны қеңейтуге ниет пен мүмкіндіктер де бар, сондықтан жақын арада жаңа бастамаларды қолға аламыз. Біздің резиденттерге операцияларды бақылауға ыңғайлы болу үшін операциялық бөлмелерден трансляция жасайтын аудиториялар жасау қажет. Ғылыми жұмыс аясын ұлғайта түсуге деген үлкен ниетіміз бар, кафедрада зерттеулер жасау, оларды жариялау және осыған негізделген ғылыми қызметті қалыптастыру», – деп атап өтті Дерябин Леон Павлович.
Кафедра мамандары студенттермен, оқытушылармен және оқу тәжірибесімен алмасу үшін шетелдік университеттердің осындай кафедраларымен ынтымақтастық орнату бойынша жұмыс жолға қоймақ.
«Қазір біз осында отырғанда Санкт-Петербургтен жазып жатыр, қандай да бір кафедрааралық жұмыс болуы үшін студенттермен, мұғалімдермен алмасу мүмкіндігі туралы сұрады», – деп атап өтті Леон Дерябин.