Педагогика мен денсаулық сақтауды шоғырландыру: клиникалық психологтарды қос дипломдық оқыту басталды
2023 жылы 15 желтоқсанда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Едігеұлы Шоранов пен Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызының кездесуі өтті. Кездесу барысында «клиникалық психология» бакалавриаттың қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру барысы мен келешегі талқыланды. ҚазҰҚПУ теориялық және практикалық психология кафедрасының профессоры Топанова Г.Т. және ҚазҰМУ коммуникативтік дағдылар профессоры Багиярова Ф.А. бағдарламаның мазмұнын әзірлеп, бағдарламаның өзектілігі және практикалық денсаулық сақтау мен білім беру ұйымдары үшін клиникалық психологтарды даярлау қажеттілігі туралы айтты.
Сондай – ақ кездесу барысында арнайы педагогика бойынша бірлескен білім бағдарламасын әзірлеу, болашақ педагогтарға алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша Minor немесе микроквалификация бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ тәрбиеші даярлау бойынша әлемдік тәжірибені енгізу және педагогтарды даярлау кезінде симуляциялық технологияларды пайдалану туралы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Бүгін «Клиникалық психология» қос дипломды білім беру бағдарламасын іске асыру туралы шартқа қол қойылды. Бағдарлама 4 кезеңді сараптамадан өтті және 11 модульден тұрады: Денсаулық сақтау саласындағы психология, клиникалық психология, анатомия және физиология, психосоматикалық медицина, психиатрия және сот медицинасы негіздері, неврология негіздері, ішкі аурулар, психология негіздері, жеке психология, диагностика әдістері, психокоррекциялық тәсілдер, суицидология негіздері және жалпы білім беретін пәндер блогы. Бакалаврларды оқыту және тәжірибеден өткізу ҚазҰМУ клиникалық базаларында жүзеге асырылады.
Бұл бағдарламаны енгізудің негізгі мақсаты жеке тұлғаның психологиялық денсаулығын сақтау үшін адамдарға профилактикалық, психокоррекциялық және оңалту қызметтерін көрсетуге қабілетті мамандарды даярлау болып табылады. Бағдарламаның миссиясы – білікті, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау, психология және медицина саласындағы заманауи ғылыми жетістіктерге негізделген клиникалық психологияның негізгі қағидаттары бойынша білім мен дағдыларды қалыптастыру. Ұсынылған миссия ҚР-дағы психикалық денсаулық саласындағы жаңа бағыттың дамуына сәйкес келеді.
«Көпсалалы ынтымақтастық психологиялық денсаулыққа кешенді көзқарас үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қоғамның психикалық денсаулық сақтау туралы ақпараттануының, әлеуметтік желілердің балалар мен жасөспірімдердің жетілмеген психикасына әсерінің артуымен, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінің ұсынылуымен кәсіби клиникалық психологтарға сұраныс артып келеді. «Клиникалық психолог» білім беру бағдарламасы жастар арасындағы түрлі психологиялық проблемалардың алдын алу және емдеу үшін қажетті білімі мен дағдылары бар мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.