Педиатрия мектебінің деканының 7 және 6 курс бітіруші интерндерімен кездесуі
Педиатрия мектебінің деканы Р. Айпов 7 және 6 курс білім алушыларымен жоспарлы кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – бітіруші интерндерді оқу үдерісінің қорытынды кезеңіне дайындау, олардың кәсіби болашағына қатысты маңызды мәселелерді түсіндіру және туындаған сұрақтарға жауап беру болды.
Кездесу барысында оқу үдерісінің өзекті мәселелері, қорытынды аттестаттауға дайындық, мемлекеттік емтихандарды тапсыру тәртібі, интернатураны аяқтағаннан кейінгі кәсіби даму мүмкіндіктері және резидентураға түсу талаптары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар білім алушыларға оқу тәртібі, академиялық талаптарды сақтау, кәсіби этика мен жауапкершіліктің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуге резидентура бағдарламалары туралы толық ақпарат беру мақсатында дипломнан кейінгі білім беру факультетінің деканы А. Баймаханов арнайы шақырылды. Ол білім алушыларға резидентураға түсу шарттары, қабылдау кезеңдері, мамандықтар бойынша дайындық бағыттары және болашақ кәсіби даму мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді.
Сонымен қатар кездесуге түлектерді мансап және жұмыспен қамту орталығының бас маманы К. Абжанова қатысып, университет түлектерінің еңбек нарығындағы мүмкіндіктері, жұмысқа орналасу жолдары және мемлекеттік грант бойынша оқыған түлектердің міндетті өтеу тәртібі жөнінде толық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Университетті бітіргеннен кейінгі гранттық міндеттемелер, резидентураға түскен жағдайда гранттың өтеу шарттары және оларды орындау тәртібі туралы нақты ақпараттар берілді.
Декан Р. Аипов өз сөзінде болашақ дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, білім сапасын тұрақты жетілдіру, клиникалық ойлау қабілетін дамыту және науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар студенттерге алдағы қорытынды емтихандарға жауапкершілікпен дайындалудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу барысында білім алушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толық әрі нақты жауаптар беріліп, олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Студенттер өздерін қызықтырған оқу процесі, резидентураға түсу, жұмысқа орналасу және кәсіби даму мүмкіндіктері жөніндегі мәселелерді ашық талқылады.
Кездесу конструктивті диалог форматында өтіп, білім алушылар үшін пайдалы әрі мазмұнды болды. Нәтижесінде студенттер алдағы оқу кезеңіне, қорытынды аттестаттауға және кәсіби қызметке дайындыққа қатысты қажетті әрі маңызды ақпараттар алды.







