Пәнаралық неврология
2025 жылдың 6–7 қарашасында Шымкент қаласында «Пәнаралық неврология» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны ұйымдастырушылар – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармаларының қолдауымен, кафедра меңгерушісі, Түркістан облысының бас неврологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Н.А. Жарқынбекованың жетекшілігімен Неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасы.
Конференцияның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлегендер: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Сейітжанова, университеттік клиника жобасының жетекшісі, әлеуметтік медициналық сақтандыру және қоғамдық денсаулық кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, іскерлік басқару магистрі Елжан Біртанов, Эпилепсияға қарсы халықаралық лигасының президенті, Мәскеу қаласының Денсаулық сақтау департаментінің З.П. Соловьёв атындағы ғылыми-практикалық психоневрологиялық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, Н.И. Пирогов атындағы РНИМУ неврология, нейрохирургия және медициналық генетика кафедрасының профессоры, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері Алла Борисовна Гехт, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас неврологы, медицина ғылымдарының докторы, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Сауле Туруспекова.
Іс-шараға Қазақстан, Ұлыбритания, Ресей, Саха Республикасы, Өзбекстан және Германияның неврология саласындағы жетекші мамандары қатысты. Олар нейрогенетика, нейрореабилитация, эпилептология, нейрофизиология және басқа да сабақтас пәндердің өзекті мәселелерін талқылады.
Конференцияның негізгі мақсаты – ғылым мен практиканы ұштастыра отырып, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен өмір сапасын жақсарту жолдарын қарастыру. Осы мақсатта неврологтар, реабилитологтар, ревматологтар, психологтар, генетиктер және басқа да медициналық мамандар бас қосты.
Жүйке жүйесі ауруларының патогенезі, диагностикасы, дифференциалды диагностикасы мен емдеу мәселелері пленарлық және секциялық отырыстарда, сондай-ақ нейродегенеративті, демиелинизирлеуші, жүйке-бұлшықет, аутоиммундық, тамырлық, сирек және басқа да ауруларға арналған симпозиумдарда талқыланды.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасы конференцияға белсенді қатысты. Кафедра атынан профессор Е.С. Нургужаев пен кафедра меңгерушісі С.Т. Туруспекова спикер және модератор ретінде сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Неврологтар қауымдастығының президенті, кафедра профессоры Е.С. Нұргужаев «Бел аймағындағы ауырсынуды емдеудің заманауи тәсілдері: өмір сапасын қалпына келтіру жолы» атты баяндама жасады. Жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологы С.Т. Туруспекова «Альцгеймер ауруы бойынша ұлттық стратегия: әлемдік тәжірибе және Қазақстан үшін сын-тегеуріндер», сондай-ақ «Мазасыздық белгілерінің палитрасы: пациентке қалай көмектесеміз?» тақырыптарында баяндама оқыды. Сонымен қатар «Инсульттен кейінгі афазия: нейропластикалықтан клиникалық нәтижеге дейін» атты шеберлік сабағы өткізілді. Ұсынылған баяндамалар қатысушылар тарапынан зор қызығушылық тудырды.
Мұндай конференциялар аясындағы неврологтар арасындағы тәжірибе мен білім алмасу сөзсіз өзара байытуға, хабардарлық пен кәсіби біліктілікті арттыруға, сондай-ақ еліміздің өңірлеріндегі терапиялық бейіндегі мамандардың кәсіби дамуына ықпал етеді.













