Санжар Асфендияровтың тарих ғылымын дамытудағы рөлі (130 жасқа толуына орай)
Қазақ ғылымының қалыптасуы мен дамытуына елеулі үлесін қосқан, ғұлама ғалым – Санжар Асфендияровтың 130 жасқа толуына арналады. Қазақстанның тарих ғылымының қалыптасу үдерісін қарастырғанда, Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан, Ермұқан Бекмаханов сынды ғалымдармен қатар, Санжар Асфендияровтың елеулі еңбегін айта аламыз. Әсіресе Санжар Асфендияровтың Кеңестік Қазақстан кезеңіндегі алғашқы марксист-тарихшы ретіндегі орны зерделеуден өтуі тиіс.
Санжар Асфендияров 1889 жылы Ташкентте өмірге келді. Оның саяси қызметке араласуы Кеңес үкіметінің орнауымен тұспа-тұс болғандықтан, Санжар Асфендияров кеңестік жүйеде әртүрлі саяси қызметтер атқарды [1, 61 бет.]. Сондықтан да қайраткердің ғылыми мұрасы сол кезеңнің идеологиясы шеңберінде жазылған. Алайда бұл мақалада тұлғаның ғылыми тұжырымдары мен көзқарастарына қазіргі кезең тұрғысынан баға беру емес. Бұл шағын ғылыми жұмыстың мақсаты: Санжар Асфендиаровтың Қазақстанның тарих ғылымындағы еңбектеріне тарихи шолу жасау.
С. Асфендиаровтың тарихи еңбектерінде негізінен кеңестік идеологияның нышандары айқын көрініс береді. Сондықтан ғылыми зерттеулерінде субъективті факторлар мен партиялық принциптер қазақ тарихының объективті жазылуына кедергі болды.
30-жылдарда тарих ғылымының алдында Сталин қазан революциясының заңды, объективті әлемдік құбылыс екенін дәлелдеу мақсатын қойды. Қазақ тарихын маркстік-лениндік тұрғымен жазу міндеті С. Асфендиаровқа жүктелді. Неліктен осындай мақсат қойылды? Бұл маңызды сұрақ. Өйткені маркстік-материалистік тарихи концепция «қоғамдық экономикалық формациялар тізбегі» ретінде «жалпы адамзаттық біртұтас тарих» теориясын енгізіп, бүкіл әлемде социалистік (коммунистік) қоғамның әлеуметтік революция арқылы жеңіске жететіндігін жариялады. Қазақстан да осы жолдан өтуі тиіс болды [2, 23-24 б.].
С.Ж. Асфендиаровтың саяси және шығармашылық кемелденуіне 1921-1922 және 1925-1928 жылдары Мәскеуде қызмет атқаруы ықпал етті. 1927 жылы С. Асфендиаров біржолата ғылыми жұмысқа ауысып, РСФСР Орталық Атқару Комитеті жанындағы Н.Н. Нариманов атындағы Шығыстану институтының директоры болып тағайындалды. Бұл РСФСР Орталық Атқару Комитетіне қарайтын сол кездегі 11 ғылыми және жоғары оқу орындарының бірі еді. Осыдан кейін ол көп ұзамай Москва мемлекеттік университетінің Шығыс тарихы бойынша профессоры атағына ие болды [4, 217-218 б.].
С. Асфендиаров ХХ ғасырдың 30-шы жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық базасының іргетасын қалаған ұйымдастырушылардың және алғашқы жетекшілерінің бірі болды. С. Асфендиаров 1932 жылы мамырда академиктер А.Н. Самойлович, Б.А. Келлер, О.Э. Брицке және М.Н. Төлепов, Г. Барышников сынды профессорлармен бірге Казақстандық базаның төралқа құрамына енді. Қоғамдық ғылымдар бөлімі хатшысының қызметін атқарған С. Асфендиаров ғалымдардың назарын тарих ғылымының өзекті мәселелерін, мәдениет ескерткіштерін, өлкені мекен еткен халықтардың бай әдеби мұрасын зерттеп тануға аударуға ұмтылды. С. Асфендиаров сынды ғалым-қайраткерлердің аянбай еңбек етуінің арқасында Қазақстандық база уақыт өте келе нағыз ғылыми-ұйымдастырушылық орталыққа айналады.
ХХ ғасырдың тарихында қазақ ғылымын дамытуда айрықша зор мәнге ие болған Қазақстанды зерттеу қоғамы Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылуына негізгі бастама болды. Осы Қазақстанды зерттеу қоғамының жұмысына белсенді атсалысқандардың бірі, Кеңестік Қазақстандағы мәдениет пен тарих ғылымында өзіндік орны бар Санжар Жафарұлы Асфендиаров болды [3].
1933 жылы С. Асфендиаров КСРО Ғылым академиясы төралқаның өтінішімен Қазақ филиалының тарихи-археографикалық комиссиясының жетекшісі болып, артынан Қазақ АКСР Халық ағарту халық комиссарының орынбасары болып тағайындалып, Қазақстанның университет, кітапхана және ғылым басқармасын басқарады.
1933 жылы 2 тамызда ол Алматы қаласында өткен ғылыми қызметкерлердің жиналысында сөйлеген сөзінде ғылыми кадрлар даярлау мәселесіне тоқталып: «Күн тәртібінде ұлттық мәдениеттің ғылыми-зерттеу институтын құру жөнінде де мәселе туып тұр. Ұлттық мәдениетіміздің қорындағы мақал-мәтелдер сияқты ауыз әдебиетінің құнды қазыналары жыл санап ізсіз жоғалып, құрып бара жатқаны жөнінде өткен жылы Исаев жолдас айтып еді. Бүгінде халық шығармашылығының сол ескерткіштерін сақтап қалу ешкімді де ойлантпай, алаңдатпай отырғаны қиналтады. Мұның бәрі із-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін ғой. Ал келер ұрпаққа тарихи мол мұра қалдыру – біздің парызымыз» [4, 223 б.] – деп мәдени мұра мәселесіне айрықша көңіл бөледі.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстан тарихын зерттеуде ілгерілеу байқалды. Дегенмен де, зерттеушілердің еңбектері жаңа және академик Р.Б. Сүлейменов тілімен айтқанда, ең жаңа дәуірдің күрделі де, зәру мәселелеріне ғана арналды. Ал С.Ж. Асфендияров қазақ тарихын ежелгі дүниеден бері қарай мүмкіндігінше тұтастай алып зерттеді.
1933 жылы «Большевик Казахстана» журналда Қазақстан тарихын тұтастай алып зерттеу жөнінде ғалым, «Қазақтар тарихының кейбір негізгі мәселелері» деген мақаласында былай деп жазды: «Біз мәселені тұтасынан тұңғыш рет қойып отырмыз, қазақтардың тарихын құрауға біз тұңғыш рет кірісіп отырмыз» [5, 254 б.].
Шығыстағы революциялық және ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихын зерттеуге назар аударған С. Асфендиаров бұл мәселе бойынша өз пікірімен 1932 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Шығыстағы ұлттық-революциялық қозғалыстардың тарихы» атты еңбегінде өз тұжырымдарын көрсетті.
1935 жылы профессор С. Асфендиаров П.А. Кунтемен біріге, кеңестік деректануда алғаш рет «Материалдар мен деректердегі Қазақстанның өткені» құжаттар жинағының бірінші томын, бір жылдан соң екінші томын жарыққа шығарады. Жинақта көне және орта ғасырлық авторлардың, саяхатшылардың, тарихшылардың шығармаларынан үзінділер келтіріледі. Шынында тұнғыш рет ғылыми айналымға енген көптеген шығыс және орыс нарративтері кірген бұл уникалды деректер жинағының жарыққа шығуы республиканың ғылыми өмірінде айтарлықтай орын алған оқиға болды [6].
Осы жинақтан кейін 1935 жылы С. Асфендиаровтың «Қазақ тарихының очерктері» атты мектепке арналған оқулығы баспадан жарық көрді. Автор оқулықта қазақ тарихын марксистік-лениндік конценция, тап күресі тұрғысында жазады. Мәселен, осы еңбектегі кезеңдеу мәселесінде автор қазақ тарихын 3 дәуірге бөледі: 1) Хандық кезең, 2) Бодандық заманы, 3) Кеңес дәуірі. Бұл еңбекте қазақ тарихының көне заманы есепке алынбай, хронологиялық ауқымы шектеледі. Сонымен қатар, қазақ тарихының шынайы бастауы ретінде кеңестік кезеңді қарастыруы да саяси жүйенің ықпалымен жазылғанын аңғартып тұр [7].
Профессор С. Асфендиаров зерттеулерінің негізгі арқауы – қазақтың XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басында отаршыл империялық орыс үкіметінің зорлық-зомбылық қанауы мен езгісіне түcкен өмірі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайынан туындаған зардабы. Иә, бұл қазақтар тарихының отарлық кезеңі болатын. Автор «Қазақстан тарихының» екінші бөлімін «Қазақстан – Россия империялизмінің отары» деп атады. Осы еңбектен үзінді келтірейік: «Российский капитализм.., вырос на крови миллионов трудящихся, его история» вписано в летопись человечества пламеняющим языком меча и огня». Тағы да бір үзінді: «…завоевание царизмом Казахстана, а затем и Средней Азии сопровождалось насилиями и жестокостью, не уступающим тем, которые так мастерски изобразил К. Маркс [8, с.127.].
Санжар Асфендиаровтың 1935 жылы жарық көркем шығармасы – «Шатер мира» повесі. Бұл шығармада Түркістан өлкесі тарихының аса күрделі кезеңі 1907-1921 жылдар оқиғалары баяндалады. Онда С.Ж. Асфендияровтың бүркеншік есімі – С. Джафаров болып берілген.
Ғалым Х. Әбжановтың айтуынша, шығарманың авторы Санжар Асфендиаров деуге бірнеше негіздер бар. Біріншіден, ғалымның басқа еңбектерінде айтылған ойлар, қорытындылар мен пікірлер повесте қайталанады. Екіншіден, повестің бас кейіпкері Аға-Аббастың прототипі – Санжар Жағыпарұлының өзі. Аға-Аббастың 1917-1921 жылдар аясындағы өмірі, қызметі мен өсуі – С. Асфендиаровтың өткен жолы, өмір белестері. Үшіншіден, Тұрар Рысқұловтың жазғандары. «Казахстанская правда» газетінде 1936 жылы жарық көрген мақаласында Т. Рысқұлов «Шатер мира» повесін С. Джафаров деген емес, С.Ж. Асфендиаров жазды деп ашық көрсеткен [4, 218-219 б.].
Сол кезеңдегі идеологиялық қыспаққа қарамастан, патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясатын ашық әшкерелеп жазған еңбегі «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» атты монографиясы болды.
Ғылыми еңбек патшалық отарлау саясатының қазақ халқыны бағытталған әрекеттеріне тоқталып, әлеуметтік-экономикалық және ұлттық мүдделерден туындаған көтерілістің себептерін ашуға көмектеседі [9].
Санжар Асфендияров ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар педагогикалық қызметті ілгерілету тұрғысында бірталай жұмыстар атқарды. Мәселен, 1934 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссариатының алқа мәжілісінде профессор С. Асфендиаровтың жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің 6-7 сыныптарына арнап түңғыш рент құрастырған Қазақ тарихын оқыту бағдарламасын талқылап бекітеді. Бағдарламадағы материалдарды өтуге 24 сағат бөлініп, оны С. Асфендиаровтың оқу құралымен оқытылу көзделген болатын. Оқулық 1935 жылы 105 бет көлемде Қазақ мемлекеттік баспасынан 27 мың таралыммен жарық көріп, келесі 1936 жылы оған он мың дана тапсырыс берілген [5, 254-255 б.].
Санжар Асфендиаров 1937 жылы 22 тамызда «халық жауы» ретінде тұтқындалды. Оған себеп, 1937 жылғы 29 қыркүйекте “Казахстанская правда” газеті “Жапон шпионы тарихшы рөлінде” деген тақырыппен Қазақ марксизм-ленинизм институты студенттерінің хатын жариялады. Онда Қазақстан тарихын жан-жақты қарастырып, ғылыми еңбектер жазып жүрген профессорды “жапон шпионы” деп айыптады. Арада 6 айт өткен соң 1938 жылы 11 пункттен тұратын айыптау қорытындысымен ату жазасына кесілді. Тағылған айыптар мазмұны негізінен Кеңес Одағына жау болды, 1929-30 жылдары Қазақстанда Кеңес үкіметіне қарсы көтерілістерді ұйымдастырушылардың бірі болды, Алматы ЖОО студенттер мен оқытушыларды ұйымға тарту жұмыстарын жүргізді, 1920 жылдан бастап Англия, Жапония және Германия пайдасына тыңшылық жұмыстар жүргізді делінген [4, 220-221 б.]. Әрине бұл айыптаулар қайраткерді жоюға жетілікті болатын.
Қорытындылай келе, қазақ ғылымының қалыптасу үдерісі ХХ ғасырға тиесілі. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ағартушысы Шоқан Уәлихановтан кейінгі, ХХ ғасырда қазақ тарихын ғылыми жүйеге түсірген ғалым Санжар Асфендиаров екендігі дау тудырмайды. Саналы ғұмырының едәуір бөлігін қазақ тарихын зерделеуге арнаған ғалым кейінгі кәсіби зерттеушілерге үлкен жол ашып кетті.
Н.К. ДЮСЕНОВА
тарих ғылымдарының кандидаты,
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың доценті
ӘДЕБИЕТТЕР:
- Алаш. Алашорда. Энциклопедия // Құраст: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – 544 бет.
- Жұмабаева Ж. Асфендияров – тұңғыш марксист тарихшы // Қазақ тарихы. 2010, №6.
- Селкебаева А.Т. Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстанды зерттеу қоғамы: құрылуы мен қызметінің тарихы (1920-1936 жж.). Тарих ғылымының кандидаттығын алу үшін дайындаған авторефераты. Алматы. 2007.
- Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих пен тағдыр. Мақалалар. – Алматы: «Кітап» баспасы – 2003 – 296 б.
- Исабек М.Қ. Санжар Асфендияровтың Қазақстан тарихын оқыту үрдісіне қосқан үлесі // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, №9. 2009. 253-258 б.
- Асфендияров С., Кунте П.А. Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сб. 1(5 век до н.э. – 18 в. н.э.). Алма-Ата. – Москва. 1935.
- Асфендияров С. Қазақстан тарихының очерктері. Алматы. Санат. 1994. с. 119.
- Асфендиаров С. История Казахстана (с древнейших времен). Алматы, «Санат» 1998, с. 304.
- Асфендиаров С.Д. Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане. Казахстанское краевое издательство. Алма-Ата – 1936 – Москва.
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/санжар-асфендияровтың-тарих-ғылымын/, https://news kaznmu edu kz/kaz/санжар-асфендияровтың-тарих-ғылымын/#:~:text=Асфендияров – тұңғыш марксист тарихшы // Қазақ тарихы, https://news kaznmu edu kz/kaz/санжар-асфендияровтың-тарих-ғылымын/#:~:text=Санжар Асфендиаровтың 1935 жылы жарық – «Шатер мира» повесі, асфендияров