Студенттердің сабаққа қатысуы жаңа тәсілмен қадағаланатыны туралы КазҰМУ ректоры айтып берді
Тамыз конференциясында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов цифрландырудың артықшылықтары туралы айтып өтті. Сонымен бірге ол сабаққа қатысу мен бақылау жүйесіне тоқталып, ондағы сабаққа қатысуды тіркеу үшін QR-код қолданылатынын алға тартты.
«QR-кодты суретке түсіріп, достарына жіберуге болатынын түсінеміз (сабаққа қатыспай тіркелу үшін). Бірақ мұның алдын-алу үшін біз оны дамыта түстік. Жаңарту уақыты – 15 секунд. Менің ойымша, тіркеліп, оны біреуге жіберу үшін бұл жеткіліксіз болады. Қажет болса, үш секундқа дейін қысқартамыз», – деді Марат Шоранов.
Сабаққа қатысу жүйесі университет жалға алған алаңдардың тиімді пайдаланылуын талдау үшін де енгізіліп жатыр. «Жүйе ресурстарды дұрыс пайдалануға, оқытушылардың жүктемесін нақты бақылауға және қатысуды қадағалауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді ректор өз сөзін.