Сусамырға шалдыққандар сабылмайды
Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы «НурАвиценум» медицина орталығында республика бойынша алғашқылардың бірі болып қант диабеті орталығы ашылды.
Елбасының 5 институттық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» 81-қадамында көрсетілген «жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізуді» іске асыру мақсатында жүзеге асырылған қадам тұрғындардың көңілінен шықты. Сонымен бірге бұған биыл елімізде орындала бастаған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының да өзіндік септігі тигені анық. Сусамырға шалдыққан науқастар орталық арқылы тегін емделіп, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін болады.
Жаңа емдеу орнының ашылуына арналған салтанатқа арнайы келген Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев:
– Елбасымыз қазіргі жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан еліміздің дамуын тоқтатпай, мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі стратегиясында көзделген межелерге жету жолында барлық қажетті жағдайды жасауда. Мемлекетіміздің басты байлығы – халқымыздың денсаулығына көңіл бөлінуде. Орталықтың ашылуы – мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті нығайту туралы тапсырманы орындаудың жарқын көрінісі және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті мен Алматы облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумның жемісі.
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Айқан Ақанов өз сөзінде, бүгінде қант диабеті ауруының кең етек жайып, ғасыр індетіне айналып бара жатқандығын, аурудың асқынуынан еліміз бойынша жыл сайын аяқты ампутациялау бойынша 5 мың ота жасалатынын айтты. Сондай-ақ өз сөзінде мемлекет тарапынан бұл бағытта үлкен жұмыстар жасалып жатқандығын, отандық мамандарымыздың медицина саласы дамыған мемлекеттерге барып, сол елдердің соңғы ғылыми жетістіктерімен танысып, біліктіліктерін арттырып, сол жаңалықтарды қолданысқа енгізіп жатқандығын да тілге тиек етті.
Жаңадан ашылған орталықта өзіміздің мамандарымыз дайындалады. Олар науқастарды емдеп қана қоймай, аурудың алдын алу жолдарын түсіндіретін болады. Қант диабетімен ауыратын әйел-аналар тиісті ем қабылдағаннан кейін, дүниеге дені сау нәресте алып келу мүмкіндігін иеленеді. «НурАвиценум» медициналық орталығының мамандары ҚазҰМУ-дың жанындағы эндокринологиялық орталықта біліктіліктерін арттырады, ал эндокринологиялық орталық мамандары Талдықорғанға келіп, жарты жыл бойы жергілікті мамандармен тәжірибе алмасатын болады.
Өңір басшысының орынбасары Б.Өнербаев бастаған құрметті қонақтар мен ресми тұлғалар медициналық орталықтың құрылымымен танысып, науқастардың қал-жағдайын сұрап шықты.
Шара соңы қант диабетін емдеу жолдары, оның алдын алу, сапалы ем қондыратын дәрі-дәрмек түрлерінің таныстырылуына арналған шағын конференциямен жалғасты. Ең бастысы, сусамырға шалдыққан облыс тұрғындары енді басқа қалаларға сабылмайтын болды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы