С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жаңа ректоры тағайындалды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің жаңа ректоры тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа басшыны университет ұжымына ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов таныстырды.
Оқу орнының басшылығына Талғат Нұрғожин келді.
«Құрметті әріптестер, бүгін сіздердің алдарыңызда маңызды мәселеге атсалысып отырмыз. Бүгін министрлікке ҚР Президенті Назарбаевтың өкімі келді. Талғат Нұрғожин С.Асфендияров атындағы университет ректоры болып тағайындалсын деген. Өз атымнан және министрлік атынан Талғат Сейтжанұлын құттықтаймын. Жаңа қызметіңізге табыс тілеймін», – деді министр.
Талғат Нұрғожин бұған дейін эксперименталды клиникалық фармакология және фармация ҒЗИ, Назарбаев Университеті жанындағы»National Laboratory Astana» мекемесінің Өмір туралы ғылымдар орталығын басқарған.
Медицина ғылымдарының докторы 1992 жылы Томск мемлекеттік медициналық университетін бітірген.
2006-2009 жылдары Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтының емдеу ісі бойынша проректоры, 2009-2011 жылдары Ұлттық медицина холдингінде басқарушы директор қызметін атқарған.
Айта кету керек, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетін 2008-2016 жылдары Айқан Ақанов басқарып келген болатын.
Ол кісі қайтыс болғаннан кейін аталған оқу орнында ректор тағайындалған жоқ.
Оған дейін оқу орнын Талғат Мүмінов (1995-2008), Евгений Белозеров (1987-1995), Қуаныш Маскеев (1975-1986), Роман Самарин (1969-1987), Иван Корякин (1955-1960), Семен Сидоров (1954-1955), Сибұғатулла Қарынбаев (1963-1975), Василий Зюзин (1944-1964), Виктор Зикеев (1934-1943), Харира Мухамбетова (1933-1934), Исенғали Қасаболатов (1931-1933) басқарды. Ең алғаш рет құрылған кезде университет ректоры Санжар Асфендияров (1930-1931) болған еді.
Толығырақ: http://lenta.inform.kz/kz/s-asfendiyarov-atyndagy-kazumu-zhana-rektory-tagayyndaldy_a3045214