С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ өз қызметкерлері мен студенттерін қолдауға 300 млн.-ға жуық теңге бөлді
С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ өз қызметкерлері мен студенттерін қолдауға 300 млн.-ға жуық теңге бөлді
06.11.2015 22:50
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті әлемдік дағдарыс кезіндегі экономикалық тұрақсыздыққа байланысты өз қызметкерлері мен студенттерін қаржылай қолдауға 296,8 млн. теңге бөлетін болды. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне аталған жоғары оқу орнының ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан Ақанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, таяу күні университет басшылығы және кәсіподақ комитеттерінің бас қосуында қызметкерлер мен студенттерге әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 2015-2016 жылдарға арналған Әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасы әзірленген.
«Осындай күрделі шақта әрбір мекеме мүмкіндігінше өз қызметкерлеріне көмек көрсетуі қажет деп санаймын. Біздің бұл қадамға барудағы мақсатымыз – осы бір әлемді шарпыған қаржы дағдарысы кезінде университеттің қызметкерлері мен студенттеріне әлеуеттік қолдау көрсету және қиындықтарға қарамастан оқу үдерісінің толыққанды жалғасуын қамтамасыз ету.
Ал қаржыға келетін болсақ, ол университеттің бюджеттік және бюджеттен тыс қаражатынан және қызметкерлер мен студенттердің кәсіподағынан бөлінетін болады», – деді А. Ақанов.
Сонымен қатар, университет ректоры қызметкерлерге, кәсіподақ мүшелеріне және студенттер мен осы жоғары оқу орнының жұмыс істемейтін ардагерлеріне әлеуметтік көмек көрсету бойынша арнайы Ереже әзірленіп жатқандығын жеткізді.
«Солардың ішінде Ереже бойынша 1,7 млн. теңге президенттік, атаулы және ректорлік шәкіртақыға бөлінеді. Бұларға жалпы 25 студент ие болайын деп отыр. Ал 194,51 млн. теңге студенттердің оқу ақысына жеңілдік жасауға бағытталған. Барлығы 124 студент жеңілдік алатын болды. Олар – негізінен көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар ғой. Ал енді 56,8 млн. теңге диспансерлік есепте тұрған және балалар үйінен шыққан жетім студенттерді тегін тамақтандыруға жұмсалады», – деді А. Ақанов.
Бұдан басқа, Айқан Ақанұлы студенттердің жатақханада тегін тұруларына да ақша бөлінетіндігін мәлімдеді. Оның айтуынша,
11 656 800 теңге 320 студенттің жатақханада бір жыл бойы тегін тұруларына шығындалмақ. Олардың арасында еліміздегі жетім және үкіметаралық келісім негізінде оқып жүрген ауғанстандық студенттер бар. Сонымен қатар, 1,4 млн. теңге университет қызметкерлерінің балаларын университет клиникасында емдеу және балалар лагерлеріне жіберу шараларына бөлу жоспарланған.
Ал бала босанған қызметкер әйелге 500 мың теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетіледі. Университеттің жұмыс істемейтін ардагерлері, яғни бұрынғы оқытушы-профессорлық құрамын қолдауға 1,5 млн. теңге бөлінеді. Сондай-ақ, алдағы бір жыл ішінде кәсіподақ қызметкерлеріне де 11 млн. астам теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілетін болды.
Өз әңгімесін қорытындылай келе, университет ректоры мәдени және спорт шараларына да 6 млн. теңге бөлу жоспарланғанын айтты.
Айта кетелік, бұл бағдарлама өткен қазан айын қамти отырып, 2016 жылдың маусымына дейін жүзеге асырылатын болады.